Астанада Maqsut Narikbayev University базасында алғашқы Қазақстан-Малайзия университеттер форумы өтті. Іс-шара екі елдің жоғары оқу орындары арасындағы тікелей байланысты нығайтуға, академиялық және ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуге арналды.
Форумда ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қазақстан мен Малайзияның жоғары білім саласындағы ынтымақтастығының институционалдық негізі қалыптасқанын атап өтті. Қазір 40-тан астам қазақстандық және 30-дан астам малайзиялық жоғары оқу орны арасында 80-нен астам ынтымақтастық туралы келісім бар. Биыл 50-ден астам қазақстандық студент Малайзия университеттеріндегі академиялық ұтқырлық бағдарламаларына қатысты.
«Университетаралық ынтымақтастықты тек меморандумдармен шектемей, нақты нәтижелерге бағыттау маңызды. Бірлескен ғылыми жобалар, білім беру бағдарламалары, академиялық алмасу және жаңа технологиялар саласындағы ынтымақтастықты кеңейту қажет», – деді Саясат Нұрбек.
Тараптар бірлескен ғылыми жобаларды іске асыру, білім беру бағдарламаларын дамыту, студенттер мен оқытушылардың академиялық алмасуын кеңейту, сондай-ақ жасанды интеллект, цифрлық технологиялар, инженерия және инновациялар бағытындағы әріптестікті дамыту мәселелерін талқылады.
Форумға Қазақстан мен Малайзияның жетекші жоғары оқу орындары мен ұйымдарының өкілдері қатысты. Іс-шара аясында Жоғары білім беруді дамыту ұлттық орталығы мен Education Malaysia Global Services, сондай-ақ Алматы менеджмент университеті мен Universiti Malaysia Sarawak (UNIMAS) арасында ынтымақтастық туралы құжаттарға қол қойылды.
Малайзия делегациясының Қазақстанға сапары барысында Малайзияның жоғары білім министрі Замбри Абдул Кадир Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде дәріс оқып, университеттің Құрметті профессоры атанды.
Сондай-ақ делегация Қазақ ұлттық спорт университетіне барып, жоғары оқу орындары арасындағы байланысты одан әрі дамыту перспективаларын талқылады.