Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Астанада 8 жасар қызды мүгедек еткен жүргізуші рақымшылыққа ілікті

Әсел ӘБІЛБЕК
7 Тамыз 2025, 17:56
1249
Бөлісу:
 видеодан алынған кадр
Фото: видеодан алынған кадр

Елордада болған жол апатында кінәлі деп деп танылған автобус жүргізушісі рақымшылыққа ілігіп, қылмыстық жазадан босатылғаны белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

2 маусымда Астананың Республика даңғылында маршруттық автобустың қатысуымен жол-көлік оқиғасы тіркелген еді. Жол апаты салдарынан жасөспірім қыз екі аяғынан айрылған болатын. Жантүршігерлік жол апатынан кейін автобус жүргізушісі қамауға алынған. Алайда, екі айдан кейін аталған оқиғаға кінәлі автобус жүргізушісі рақымшылыққа ілікті.

Қазақстан Республикасының "Рақымшылық туралы" заңы негізінде күдікті қылмыстық қудалауды тоқтату туралы өтініш білдірді. Соған сәйкес қылмыстық іс рақымшылық актісіне байланысты тоқтатылды. Алайда, қылмыстық іс тоқтатылғанына қарамастан, бұл тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылған болып есептеледі. Сонымен қатар, қылмыстық құқықбұзушылық пен өзге де заң бұзушылықтардың жасалуына ықпал еткен мән-жайларды жою туралы ұсыныс Астана қаласының әкімдігіне жолданды, – дейді Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Еске салайық, Астанада жол апаты болып, 15 жолаушы, соның ішінде 6 бала зардап шекті. Олардың үшеуінің жағдайы ауыр екендігі айтылды.

2017 жылы туған қыз балаға алған жарақаттары салдарынан екі аяғына ампутация жасалды.

Ал Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек автобус апатынан кейін екі аяғынан айырылған қыздың отбасына пәтер берілетінін жеткізді.

Жол апатынан кейін автобус жүргізушісі қамауға алынғанын хабарлаған болатынбыз. Екі аяғынан айырылған бүлдіршінге жәрдемақы тағайындалады.

2025 жылғы 17 маусымда автобус апаты салдарынан қос бірдей аяғынан айрылған қыз ауруханадан шықты.

Өзгелердің жаңалығы