«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы республикалық маңызы бар автожолдарға шығатын жүргізушілерді сақ болуға шақырды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бүгін Астана қаласы мен Ақмола облысында жаңбыр жауып, ауа температурасы нөлден жоғары болып тұр. Алайда кешке қарай күн суытып, жолдарда көктайғақ болуы мүмкін.
Компания жүргізушілерге бірнеше кеңес берді:
- Көлікке қысқы дөңгелек орнатылмаған болса, қала сыртына шықпаңыз;
- Жол жағдайына қарай жылдамдықты төмендетіп, қауіпсіз арақашықтық сақтаңыз;
- Күрт тежелуден, жолақты оқыс ауыстырудан және орынсыз басып озудан аулақ болыңыз;
- Жолға шығар алдында ауа райы болжамы мен бағыттағы жол жағдайын тексеріңіз.
Әсіресе көпірлерде, жол өткелдерінде, өрлер мен еңістерде абай болу қажет. Бұл учаскелерде мұз қату қаупі жоғары.
«ҚазАвтоЖол» күндіз ауа температурасы нөлден жоғары болғанымен, кешке қарай жолдың тайғақ болуы мүмкін екенін ескертеді.
Республикалық маңызы бар автожолдардың жай-күйі туралы ақпаратты тәулік бойы жұмыс істейтін 1403 байланыс орталығынан алуға болады.