Астана күні қарсаңында аламан бәйге өтеді

30 Маусым 2022, 12:58
3622
Бөлісу:
Астана күні қарсаңында аламан бәйге өтеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордадағы «Қазанат» ипподромында «Нұр-Сұлтан қаласы кубогіне арналған қостанай жылқысының бәйгесі» республикалық турнирі өтеді. 

Жарыс бағдарламасында қостанай жылқыларының ұшқыр (1,4 км, 2,4 км), құнан (7 км) және аламан бәйгесі (20 км) бар. Бәйгенің жалпы жүлде қоры – 9 миллион теңге.

1889 жылы патшалық Ресей өкіметі қазақтың қазанатын негізге алып, Қостанайда жылқы зауытын құрады. Алпыс жылға созылған үздіксіз селекция нәтижесінде 1951 жылы Қостанай жылқысы асыл зауыт тұқымы ретінде танылады. Қостанай жылқысы КСРО-ның ең үздік жылқы тұқымдарының қатарына қосылады.

2021 жылы Елорда күні қарсаңында ұзақ уақыт үзілістен кейін қостанай жылқысы мен будандарының жабық бәйгесі қайта жанданған. Өткен жылдың қыркүйек айында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Е. Л. Тоғжановтың жетекшілігімен Қостанай жылқысының тұқымын сақтау және дамытуға арналған мемлекеттік жол картасы қабылданды

Қазіргі таңда қазақтың қазанатын сақтау, дамыту және санын көбейту бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Ұлттық брендімізді сақтап қалу бағытындағы жобаға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Sport Qory қолдау білдірді. Қостанай жылқысының жабық бәйгесі ретінде 2022 жылғы спорттық-бұқаралық іс-шаралар күнтізбесіне 6 республикалық турнир қосылған. Соның аясында 2022 жылы қостанай тұқымды жылқылар мен қостанай будандары ғана қатысатын 22 бәйге өткізу жоспарланған – дейді ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Рахат Жақсыбай.

Биыл 22 мамырда және 18 маусымда Қостанай облысы, Қостанай ауданы, Заречное кентіндегі «Арғымақ» ипподромында екі бәйге турнирі өткен болатын. Елордада өтетін қостанай жылқысы бәйгесі реті бойынша – биылғы үшінші турнир.

Сондай-ақ, 6 шілдеде Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі қолдауымен елорда күні аясында барлық санаттағы аттар қатысатын құнан (9 км), кіші аламан (16 км) және аламан бәйге (21 км) өткізу жоспарланып отыр. Бұл бәйгенің жалпы жүлде қоры – 20 миллион теңге.

Турнир бағдарламасы

2022 жылдың 6 шілде күні

10:00. Қостанай жылқысы мен будандары жарысының ресми басталуы.

10:10. Ұшқыр бәйге. 1400 метр.

10:25. Ұшқыр бәйге. 2400 метр

10:40.  Құнан бәйге. 7000 метр

11:00. Аламан бәйге. 20 000 метр.

11:30. Ат бәйгесінің ашылу салтанаты. Қостанай жылқылары мен будандары бәйгелерінің жеңімпаздарын марапаттау. Қалалық турнирдің ресми басталуы.

11:45. Құнан бәйге. 9000 метр.

12:10. Кіші аламан. 16 000 метр.

12:45. Аламан бәйге. 21 000 метр.

13:00. Бәйге жеңімпаздарын марапаттау. Турнирдің жабылу салтанаты. 

Өзгелердің жаңалығы