Ақордада елімізге ресми сапармен келген Иордания Королі II Абдалла бен әл-Хусейнді қарсы алу рәсімі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Мәртебелі мейманның құрметіне Әскери әуе күштерінің тікұшақтары Қазақстан мен Иорданияның Мемлекеттік туларын желбіретіп, Ақорда алдынан ұшып өтті.
Салтанатты іс-шара барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Король II Абдалла бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды.
Құрмет қарауылы ротасының бастығы рапорт берген соң Президент оркестрі екі елдің әнұрандарын орындады.
Жалпы Қазақстан мен Иордания арасында жоғары деңгейдегі саяси диалог қалыптасқан. 2025 жылғы ақпанда Қасым-Жомарт Тоқаев Иорданияға ресми сапармен барса, сол жылдың тамызында Король II Абдалла Астанаға келген еді.
Еске салайық, ертең, 6 қарашада Астанада мемлекет басшыларының қатысуымен Ақаба процесі аясындағы саммит өтеді.
2015 жылы Иордания королінің бастамасымен құрылған Ақаба процесі терроризм мен экстремизмге қарсы күрес саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған. Астанадағы кездесуде жасанды интеллектіні террористік мақсатта пайдалану қатерлері мен жаңа технологиялар жағдайындағы қауіпсіздік мәселелері талқыланбақ.
Айта кетейік, Иордания Королі II Абдалла бен әл-Хусейн 2025 жылғы 26 тамызда да Астанаға сапармен келген еді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Иордания Королі келіссөз жүргізіп, Қазақстан-Иордания бизнес форумына қатысқан болатын.