Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Астана халықаралық қаржы орталығы ұйымдастыратын жыл сайынғы Astana Finance Days конференциясы аясында Mining Club ұйымының екінші отырысы өтті.
Форум «Haller Lomax» ЖШС және «Aurora Minerals Group» ЖШС-мен серіктестікте ұйымдастырылды.
Mining Club отырысы аясында тау-кен өндіріс саласының заңнамалық өзгерістері, Қазақстандағы тау-кен геологиясының дамуы, геологиялық барлау жобаларын қаржыландыру мәселелері талқыланды.
Сессия барысында спикерлер өздерінің көзқарастарын және тау-кен өнеркәсібін дамытудың құралдарын ұсынды.
AIX ірі және юниорлық геологиялық барлау компаниялары үшін қаржы тартуға мүмкіндік береді. Әдетте, шағын барлау компаниялары Биржаның листингілік эмитенттерге қойған стандартты талаптарына сәйкес келмейді. Олардың қызмет тарихы қысқа, қаржылық есеп беру мен корпоративтік басқарудың қолайлы аудиті жоқ, акционерлердің өзара құқықтары мен міндеттері нақты реттелмеген. Сондықтан AIX компанияларға осы салаға инвестиция салуға мүдделі халықаралық инвесторлардың талаптарына сәйкес келетін жеке стандарт бойынша листинг өткізуге мүмкіндік беретін арнайы Тау-кен сегментін құрды, - дейді АХҚО Биржасы Тау-кен өнеркәсібі департаментінің директоры Малик Нишанбаев.
Сонымен қатар геологиялық ақпаратқа және геологиялық барлауға қолжетімді лицензия алуға арналған заманауи және ашық онлайн ақпараттық инфрақұрылымды іске қосу тақырыбы қозғалды.
«Тау-Кен Самұрық» ҰТК» АҚ Басқарма төрағасы Қанат Құдайберген болса Қазақстанның жаңа ірі кен орындарын ашуда әлеуеті бар екенін атап өтті.
«Тау-Кен Самұрық» юниорлық бағдарлама шеңберінде алтын, мыс, қорғасын, мырыш бойынша перспективалық барлау жобаларын іздейді және инвесторлармен, жер қойнауын пайдаланушылармен ынтымақтастыққа дайын. Соңғы 3 жылда мемлекет инвестициялық климатты жақсарту бойынша шаралар қабылдады, бұл инвестициялардың тартуына ықпал етті. Бұл жұмысты жалғастырып, юниорлық нарықтың одан әрі дамуына жағдай жасау қажет, - деді ол.
Aurora Minerals Group сервистік геологиялық барлау компаниясының серіктесі Қайсар Қожамұратовтың айтуынша, Жер қойнауы туралы Кодекс енгізілгеннен кейін геологиялық барлау қызметтеріне сұраныс едәуір артқан.
Сонымен қатар қызмет жеткізушілеріне қойылатын талаптар да жоғарылады. Ең алдымен қауіпсіздік техникасы, қызмет сапасы және заманауи озық жабдықтар қойылады, - дейді ол.