Астана елорда болғалы жер аумағы 3 есе өскен

22 Желтоқсан 2022, 11:41
754
Бөлісу:
Астана елорда болғалы жер аумағы 3 есе өскен

Астана елорда болғалы жер аумағы 3 есе өскен. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министр бұл деректерді агломерацияларды дамыту туралы заң жобаларын таныстырғанда айтты.

Қазіргі уақытта елдің агломерацияларында орталық қала мен оған іргелес аудандар арасында экономикалық дамуда, қаржылық және адами әлеуеттерде белгілі бір теңсіздіктер бар. Теңсіздіктердің пайда болуына ықпал ететін негізгі фактор – ірі қалалар мен оларға іргелес аумақтарда халық санының бақылаусыз өсуі. Мысалы, соңғы 10 жыл ішінде Астана қаласының халқы 59% пайызға өсті, Алматыда халық саны 37%-ға өсті, Шымкентте 67%-ға өсті. Оған қоса, қалалардың аумақтары да едәуір өсті, - дейді министр.

Мысалы, Астана елорда болғалы жер аумағы жағынан 3 есе өсті, Алматы қаласының аумағы соңғы 10 жылда 2,5 есе өсті, ал Шымкенттің аумағы 3,5 есе өсті.

Ірі қалаларда халық саны мен жер аумағының өсуі бірқатар проблеманы тудырып отыр. 

Олар – инфрақұрылымның барлық түрлеріне жүктеменің артуы, қаланың шет аймақтарында байламсыз түрде құрылыс салынуы, егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларының болмауы немесе дұрыс іске аспауы, ыңғайлы көлік жүйесінің болмауы, инфрақұрылымдық, әлеуметтік, өнеркәсіптік және тағы басқа объектілердің тапшылығы сияқты тағы басқа да проблемалар. Орталық қала мен оның маңындағы аймақ арасындағы функцияларды заңнамалық тұрғыдан бөлу қажеттілігі туындап отыр. Сонымен қатар осы саланы реттейтін заң жобаларын әзірлеу үшін Мемлекет басшысының бірқатар тапсырмалары негіз болды, - деп айтты Қуантыров Сенатта.

Өзгелердің жаңалығы