«Астана Балет» елордалық дәрігерлерге арнап үш қайырымдылық концерт өткізді

5 Қазан 2020, 11:25
1543
Бөлісу:
«Астана Балет» елордалық дәрігерлерге арнап үш қайырымдылық концерт өткізді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қараша айында театр Қарағанды мен Семейде тағы 4 қайырымдылық концерт өткізбекші.

3-4 қазан күндері «Астана Балет» театрында коронавирус инфекциясымен күресте мыңдаған адамға демеу бола білген дәрігерлер мен барлық медицина қызметкерлеріне арналған үш қайырымдылық концерті өтті, деп хабарлады «Астана Балет» театрының PR қызметі.
Біз үйде оқшауланып отырғанда, дәрігерлер жұмыс орнында қалып, адамдардың денсаулығы мен өмірі үшін жан аямай күресті. Сол себепті де, біз, жаңа маусымның алғашқы он концертін медицина қызметкерлеріне арнап, осылайша, алғысымыз бен құрметімізді білдіргіміз келді, - деді «Астана Балет» театрының директоры Александр Совостьянов. 

Астаналық театр әртістері дәрігерлерге екі бөлімнен тұратын концерттік бағдарламасын тарту етті: Рикардо Амарантенің «LoveFearLoss» бір актілі балеті мен «Ұлы Дала мұрасы» дивертисменті. Осы хореографиялық топтамаға Айгүл Тәти, Анна Цой, Зауырбек Райбаев, Дәурен Әбіров сынды кешегі және бүгінгі қазақстандық балетмейстерлер қойған 13 би миниатюрасы енген. 

Ал «Астана Балет» театрының хореографы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Тәти хореографиялық тарту шынайы құрметтен туындап отырғанын айтты.
Біздің хореографиялық тартуымыз шынайы құрметтен туындап отыр. Біз бұл өнердің емдік қасиетіне сенеміз. Ол рухыңызды асқақтатып, жаныңызды жадыратады. Қазіргідей күрделі кезеңде мұның өзі өте маңызды, - деді ол.

«Астана Балет» театрының жетекші солисті Айжан Мұқатова да «қиындыққа төзіп, өз денсаулығы мен өмірлеріне төнген қауіпке қарамай, дәрігерлік міндетін адал атқарып жүрген адамдарға деген құрметім шексіз», дейді.

Жеті жүзден астам адамға арналған көрермен залы бұрынғыдай емес, елордалық санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес, спектакль аудиториясы елу адам аспады. Алайда, осыншалықты бос залдың өзінде, концерттен кейін әртістерге көрсетілген қошемет өте зор болды.

Қалалық фтизиопульмонология орталығының дәрігері Гүлнар Аманжолова концерттен ерекше демалғанын айтты.

Ерекше эстетикалық ләззат алдым. Әртістердің пластикасы қандай, шіркін?! Заманауи өрнектерге бай ұлттық нақыштағы би қандай?! Бәрі өте әдемі, өте әсерлі болды. Талантты әртістеріңіз қуанышты көңіл-күйімен бөлісті. Мұны әр көрермен сезінгеніне шүбәм жоқ, - дейді. 

Театр басшылығы он қайырымдылық концерт өткізуді жоспарлаған, соның алтауы Шымкент пен Нұр-Сұлтан қалаларында өтті. Қараша айында театр Қарағанды мен Семейде тағы 4 қайырымдылық концерт өткізбекші.
Өзгелердің жаңалығы