2028 жылы Астанада өтетін УЕФА Суперкубогына дайындық кезінде «Астана Аренаның» жасанды алаң жабынын табиғи немесе гибридті жабынға ауыстыру көзделіп отыр. Алайда стадионды жаңғыртуға қанша қаржы қажет болатыны және шығынның қандай көзден өтелетіні әзірге белгісіз. Бұл туралы Қазақстан футбол федерациясы BAQ.KZ тілшісінің арнайы сауалына берген жауабында мәлімдеді.
ҚФФ мәліметінше, 2028 жылғы УЕФА Суперкубогын Астанада өткізу туралы шешім биыл 15 қыркүйекте жарияланған. Осыдан кейін федерация дайындық жұмыстарына кіріскен. Қазір УЕФА-мен жұмыс кестесі келісіліп, мемлекеттік органдар және Астана әкімдігімен өзара іс-қимыл жолға қойылып жатыр.
Стадионда қандай жұмыс жүргізіледі?
Федерация «Астана Арена» УЕФА-ның төртінші санатына жататынын және бұл Суперкубок матчын өткізу талабына сәйкес келетінін хабарлады. Соған қарамастан, стадиондағы қазіргі жасанды алаң жабындысын ауыстыру дайындықтың негізгі бағыттарының бірі болып отыр.
Дайындықтың негізгі бағыттарының бірі – қолданыстағы жасанды алаң жабынын УЕФА талаптарына сәйкес табиғи немесе гибридті жабынға ауыстыру, – делінген ҚФФ жауабында.
Бұдан бөлек, стадионның жарықтандыру жүйесі, командалардың киім ауыстыратын бөлмелері, VAR және телетрансляция инфрақұрылымы, жанкүйерлер секторлары мен VIP аймақтары тексеріледі. Бірақ аталған нысандарда нақты қандай жұмыс атқарылатыны УЕФА инспекциясының қорытындысынан кейін ғана белгілі болады.
ҚФФ түсіндіруінше, стадиондағы жұмыстарды орындау оның иесінің құзыретіне жатады. Федерация өз тарапынан УЕФА талаптарына қатысты үйлестіру жұмыстарын жүргізеді.
Қаржы мәселесі әлі шешілмеген
Суперкубокқа дайындыққа жұмсалатын шығынның нақты сомасы әзірге жарияланған жоқ. Федерация қазір қажетті шығындарды бағалау жүріп жатқанын мәлімдеді. Қаржы көлемі мен қаржыландыру көздері УЕФА-мен жасалған келісім талаптары және инспекция нәтижелері ескеріліп айқындалады.
Ал дайындыққа мемлекеттік қаражат бөлу мәселесі, ҚФФ жауабына сәйкес, уәкілетті мемлекеттік органдар мен Астана қаласы әкімдігінің құзыретіне кіреді. Демек, алаң жабынын ауыстыру мен өзге жұмыстарға бюджеттен қаражат бөлінетіні немесе бөлінбейтіні жөнінде әзірге нақты шешім айтылған жоқ.
BAQ.KZ тілшісінің сауалына жауап берген Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы «Астана Арена» спорт кешені Mtex management ЖШС-не сенімгерлік басқаруға берілгенін хабарлады. Басқарма мәліметінше, ұйымдастырушылық, техникалық және инфрақұрылымдық мәселелерді тиісті мемлекеттік органдар мен ұйымдар, соның ішінде сенімгерлік басқарушы әлі пысықтауы керек.
УЕФА стадионнан бөлек нені тексереді?
ҚФФ УЕФА инспекторларының Астанаға келетін бекітілген кестесін күтіп отыр. Сапар кезінде мамандар «Астана Аренаны» ғана емес, командалардың жаттығу алаңдары мен қонақүйлерін, көлік қозғалысының схемасын, қауіпсіздік шараларын және медиаинфрақұрылымды бағалайды.
Федерацияның хабарлауынша, негізгі жұмыстар қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталады. Ал командалар үшін жаңа жаттығу базалары немесе басқа қосымша нысандар қажет бола ма деген сұрақ инспекция қорытындысынан кейін шешіледі.
Осылайша, Астанадағы Суперкубокқа дайындық енді басталды. Қазіргі таңда белгілі басты өзгеріс – «Астана Аренаның» жасанды алаңын ауыстыру жоспары. Жаңғыртудың толық көлемі, оған жауапты тараптар мен қаржы көзі УЕФА тексерісінен кейін нақтыланбақ.
Айта кетейік, бұған дейін «Астана Арена» 2028 жылғы УЕФА Суперкубогы матчын қабылдайтыны хабарланды.