Астана әкімі Тоқаевқа ауызсу станциясының құрылысы туралы есеп берді

15 Маусым 2023, 15:01
664
Бөлісу:
Астана әкімі Тоқаевқа ауызсу станциясының құрылысы туралы есеп берді
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек елорданың әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық дамуы туралы баяндады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жеңіс Қасымбек Мемлекет басшысына тұрғын үй алаптарын дамыту, апатты жағдайдағы ескі тұрғын үйлерді бұзу, әлеуметтік нысандар салу, құрылысы ұзаққа созылған нысандарды аяқтау, шағын және орта бизнесті қолдау, жұмыс орындарын ашу және қаланы абаттандыру мәселелері жөнінде есеп берді. 

Атап айтқанда: 

Биылғы 5 айда тартылған инвестиция көлемі 425 миллиард теңгеден асып, былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда өсім 20 пайыздан артқан; 

2023 жылы 25 инвестициялық жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Бұл 87 миллиард теңге көлемінде қаржы тартуға және 1,8 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді; 

Биыл 6 мыңға жуық әлеуметтік жеңілдікпен берілетін пәтер және 16 үлескерлік құрылыс нысанын салу жұмыстарын аяқтау жоспарланып отыр; 

Елорданың көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында биыл Тәуелсіздік даңғылындағы көпір құрылысы аяқталып, қаланың қоғамдық көлік бағдарлары бойынша 400 жаңа автобус пайдалануға беріледі; 

Биыл 150-ден астам аула мен қоғамдық орындарды абаттандыру жоспарланған. 

Мемлекет басшысына ауызсу станциясы (ССС-3), жылу электр орталықтары, газ жылу станциялары құрылысының барысы туралы мәлімет берілді. 

Мысалы, ССС-3 станциясы пайдалануға берілгеннен кейін оның қуаты тәулігіне 100 мың текше метр су жеткізуге жетеді. ССС-3 станциясының бірінші кезеңін маусым айының соңында, екінші кезеңін биыл тамызда іске қосу жоспарланып отыр. Бұған дейін Астана су қоймасынан су құбырын тарту жұмыстары басталған болатын, - делінген хабарламада.

 Қасым-Жомарт Тоқаев Астананың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын одан әрі дамыту, қаланы абаттандыру, көгалдандыру, сондай-ақ жылыту маусымына дайындық жөнінде бірқатар тапсырма берді.

Өзгелердің жаңалығы