Астана әкімі нөсер кәрізінің құрылысы туралы айтып берді

30 Тамыз 2023, 06:21
689
Бөлісу:
Астана әкімі нөсер кәрізінің құрылысы туралы айтып берді
Фото: Астана әкімдігінің ресми сайты

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында қаланы кәріз тазарту құрылысы туралы мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Әкім бірқатар кәріз тазарту құрылысын тексеріп, көшелердің, автомобиль көпірінің құрылысымен танысқан. Оны сөзіне қарағанда, биыл жерүсті ағын суын бұру үшін 2,5 км нөсер кәрізінің магистральдық желісі салынады.

Нөсер жаңбыр кезінде су астында қалатын негізгі проблемалы учаскелердің бірі – Ұлы дала даңғылы. Мұнда тазарту қондырғылары 14 жыл бұрын салынған. Қазіргі қуаты аздық етеді. Қазіргі уақытта жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу жұмысын жүргізіп жатырмыз. Қолданыстағы «III – 3» тазарту құрылысын кеңейтетін боламыз. Жобаны іске асырудың нәтижесінде Ұлы дала даңғылында ғана емес, құрылыс жұмысы қарқынды жүріп жатқан жаңа аудандарда да су басу мәселесі шешіледі.

Бұдан бөлек, жұмыс Қалдаяқов көшесі (Алматы ауданы) учаскесіндегі №1/ №2 сорғы станцияларында да жүргізіледі. Мұнда коллектор тазартылды. Ол 90% лайланған. Сондай-ақ бірінші және екінші кәріз сорғы станцияларының (КСС-1 және КСС-2) сорғы жабдықтарын толық жинақтау; су бұру коллекторын кешенді тексеру жұмысы жүргізілетін болады.

Жобаны іске асырудың нәтижесінде Қалдаяқов, Панфилов, Нәжімеденов көшелерінде су басудың алды алынады.

Нөсер кәрізі желілері мен кәріз тазарту құрылысын салу жұмысы жүйелі деңгейде жүргізіліп жатыр. Осыған дейін 200-ден астам проблемалы учаскеде су басу мәселесі шешілді.

Жол-көлік желісін жүйелі дамыту үшін көпірлер, көлік жол айырығы, көшелер саламыз және жобалаймыз.

Биыл Тәуелсіздік даңғылындағы көпірдің құрылысын аяқтаймыз. Бұл көпір жолдардағы кептелісті едәуір жеңілдетуге мүмкіндік береді: сол жағалауды Тәуелсіздік даңғылымен, жаңа теміржол вокзалымен, Қошқарбаев даңғылымен, Нәжімеденов көшесімен, Әзірет Сұлтан мешіті ауданымен, Байтұрсынов, Қордай, Айнакөл көшелерімен, Момышұлы даңғылымен және т.б. қосымша байланысты қамтамасыз етеді.

Келер жылы Кенесары көшесіндегі Есіл өзені арқылы (КазГЮУ ауданы) өтетін көпірдің құрылысына кірісуді жоспарлап отырмыз, - деп жазды елорда әкімі.

Өзгелердің жаңалығы