Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында "Бір тіл, бір әлем" жобасы жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жоба аясында қатысушылар қазақ тілі арқылы түрік тілін меңгереді. Бұл – мемлекеттік қызметшілерге тіл үйретуден бөлек, мәдениеттер мен халықтар арасындағы байланысты нығайтуды мақсат еткен тың жоба.
Бастама 2025 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Үш онжылдық ішінде Ассамблея еліміздегі этносаралық татулықты, мәдени алуандықты және қоғамдық келісімді сақтауда маңызды рөл атқарып келеді. Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тіл саясатына қатысты нақты ұстанымын жеткізді. Президент ұлтаралық келісім мен тұрақтылықты нығайту – мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі және солай болып қала беретінін атап өтті.
"Бір тіл, бір әлем" жобасы шеңберінде Академияның қызметкерлері мен магистранттары, сондай-ақ Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өкілдері түрік тілінің бастапқы деңгейін екі жарым ай ішінде қазақ тілі арқылы меңгеруде. Жобаның ерекшелігі – оқыту тілі ретінде мемлекеттік тілдің қолданылуы.
Мәдениетаралық байланысты нығайтуды көздейтін жоба алғашқы нәтижесін де бере бастады. Сәуір айында Академияның магистранттар тобы Түркияға барып, Анкара қаласында тағылымдамадан өтті. Олар түрік тілінде еркін сөйлесіп, оқу барысында алған білімдерін тәжірибеде қолдана алды.
Академияның Электоралдық оқыту орталығы ұйымдастырған бұл жоба біз үшін үлкен мүмкіндік болды. Бар болғаны бірнеше аптаның ішінде А1 деңгейін меңгеріп, алған білімімізді Түркияда сәтті қолдандық. Ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз, – дейді магистрант Асель Бөкен.
Мемлекеттік басқару академиясының магистранты Құлшар Қалыбек те тілдік курсқа қатысу арқылы түрік тілінде сөйлеуді үйренгенін және шетелде тәжірибе жүзінде қолданғанын айтады.
Біз Академияда оқып жүріп Анкарада тағылымдамадан өтуге мүмкіндік алдық. Жоба аясында меңгерген біліміміз түрік азаматтарымен еркін сөйлесуге жол ашты. Бұл – біз үшін үлкен жетістік, – деп атап өтті мемлекеттік қызметші.
"Бір тіл, бір әлем" жобасы – жай ғана тіл курсы емес, бұл – Қазақстан мен Түркия арасындағы мәдени байланысты нығайтуға бағытталған, заманауи, мазмұнды әрі нәтижелі жоба.
Атап өтейік, Мемлекеттік басқару академиясына магистрантура және докторантура білім бағдарламаларына оқуға құжат қабылдау 2025 жылдың 1 сәуірінен 25 маусымына дейін жалғасады.