12 тамыздан 13 тамызға қараған түні жылдың ең әсерлі астрономиялық құбылыстарының бірі – Персеид метеор ағыны шарықтау шегіне жетеді. Биыл Солтүстік жарты шарда оны бақылауға өте қолайлы жағдай қалыптасады, деп хабарлайды BAQ.KZ Associated Press агенттігіне сілтеме жасап.
NASA мәліметінше, аспан ашық әрі жарықтан алыс жерде қолайлы жағдайда сағатына 50-ден 100-ге дейін метеорды байқауға болады. Америкалық метеор қоғамы қала жарығынан алыс аумақта сағатына шамамен 30-50 метеор көруге болатынын айтады.
Биыл Персеидтердің шарықтау шегі басқа да астрономиялық құбылыстармен тұспа-тұс келеді. 12 тамызда Испания, Исландия мен Гренландияның бірқатар аумағында Күннің толық тұтылуы болады. Сол күні аспанда алты планетаның тізілуін де бақылауға мүмкіндік бар.
Персеидтер қалай пайда болады?
Персеидтер Жер 109P/Swift–Tuttle кометасынан қалған ұсақ ғарыш бөлшектерінің арасынан өткен кезде пайда болады. Бұл бөлшектер Жер атмосферасына өте жоғары жылдамдықпен еніп, қызып, жарық із қалдырады. Біз аспанда көретін «аққан жұлдыздар» – шын мәнінде осы метеорлар.
Swift–Tuttle кометасы Күнді шамамен 133 жылда бір айналып шығады. Персеидтер жыл сайын қайталанып отырады және жарықтығымен ерекшеленетін метеор ағындарының бірі саналады.
2026 жылы бақылау жағдайын Ай да қолайлы етеді. Персеидтер шарықтау шегіне жеткен кезде Ай жаңа Ай фазасында болады. Яғни түнгі аспанды Ай сәулесі жарықтандырмайды, сондықтан әлсіз метеорларды да байқау мүмкіндігі артады.
Қазақстан мен Орталық Азияда қай уақытта көрінеді?
Персеидтерді Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан аумағынан да бақылауға болады.
Орталық Азия үшін негізгі түн – 12 тамыздан 13 тамызға қараған түн. Метеорлар кешкі уақыттан бастап байқалуы мүмкін болғанымен, ең қолайлы кезең – түн ортасынан таң атқанға дейін. Әсіресе жергілікті уақыт бойынша шамамен 02:00-ден 05:00-ге дейін аспанды бақылаған тиімді. Осы уақытта Персей шоқжұлдызы жоғары көтеріліп, көрінетін метеорлар саны артады.