Әскери спортшылар Римнен олжалы оралды

14 Наурыз 2021, 21:32
1637
Бөлісу:
Әскери спортшылар Римнен олжалы оралды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Римде күрес түрлерінен халықаралық рейтингтік турнир өз мәресіне жетті. Жарыстың соңғы күнінде еркін стильдегі әскер балуандары күміс және қола медальдарын қанжығаларына байлады.

Ауқымды турнирге әлемнің 32 елінен 350-ден астам атлет қатысты. Олардың арасында Олимпиада ойындарының, әлем және Еуропа чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері де бар.

Турнир қорытындысы бойынша 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде күміс медальді ҚР Қорғаныс министрлігі орталық спорт клубының спортшы-нұсқаушысы Дәулет Ниязбеков жеңіп алса, 74 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде ОСК спорт ротасының мерзімді қызметтегі әскери қызметшісі қатардағы жауынгер Нұрқожа Қайпанов қола жүлдегер атанды.

Аталған рейтингтік турнир, бірнеше жыл қатарынан Біріккен күрес стильдері халықаралық федерациясының вице-президенті болған Маттео Пелликонені еске алуға орай өткізіледі. Турнирде олимпиадалық лицензиялар ойнатылмайды, алайда спортшылардың рейтингісіне әсер етеді. Нәтижелер алда болатын негізгі жарыстарға іріктеу кезінде ескерілетін болады.

Өзгелердің жаңалығы