Әскери сарапшы: Байзақтағы қоймада Арыстағыдай күшті қару-жарақ болмаған

31 Тамыз 2021, 15:24
3078
Бөлісу:
Әскери сарапшы: Байзақтағы қоймада Арыстағыдай күшті қару-жарақ болмаған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Желмая» жобасына сұқбат берген запастағы полковник, ардагер ұшқыш, әскери сарапшы Ермек Сейітбатталов Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімнің қоймасындағы жарылысқа қатысты өз ойын ортаға салды.

Қорғаныс министрлігінде ұзақ жыл қызмет еткен, әуе күштерінде штаб басқарған әскери сарапшы бейбіт күндегі болған трагедияны алғаш естігенде қандай күйде болғанын жеткізді.

Ойыма сан алуан ойлар келді. Арыстағы оқиғадан қорытынды шықпағанына қынжылдым. Арыстағы қайғылы жағдайдың жалғасы болғаны ма деп ренішпен қабылдадым, - деді запастағы полковник.

Алайда оқиғаны Арыспен салыстыруға келмейді. Мұның деңгейі басқа деп отыр.

Басқа елдерден шыққан қару-жарақтар Арысқа жеткізілгендіктен оның деңгейі өте жоғары, онда Кеңес Одағы кезіндегі ескі қарулар еді. Ал Жамбылда инженерлік-саперлік батальонның өздеріне даярлаған керекті құралдары ғана. Мұның деңгейі Арыспен салыстырғанда төмен. Әскери пиротехника жоқ, тек мина ғана бар. Бұл өз ойым, - деп атап өтті Ермек Сейітбатталов.

Сондай-ақ ол 18 жыл бойы қызметте болған кезеңде мұндай жағдайды кездестірмегенін айтты.

Кеңес заманында мұндай жағдайлар болса да, БАҚ-да жарияланбайтын. Жабық телеграммалар келетін. Ал елімізде мұндай жайттардың орын алуына салғырттық, көзбояушылық секілді бірнеше себептер болуы мүмкін. Егер ұрлау, жымқыру әрекеттері болып, оны осындай өртпен жабамыз десе, сұмдық нәрсе. Қаншама адамның өмірін жалмап кетті, - дейді әскери сарапшы.

Өзгелердің жаңалығы