Әскери қызметшілері соғыс ардагерін құттықтады

9 Мамыр 2024, 18:14
372
Бөлісу:
Әскери қызметшілері соғыс ардагерін құттықтады
Фото: gov.kz

Құрлық әскерлері бас қолбасшысы басқармасының әскери қызметшілері "Ардагерлерге тағзым" республикалық акциясы аясында Ұлы Отан соғысының ардагері Рзағұл Байкешевті Жеңіс күнімен құттықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал-майор Асан Жүсіпов өткен жылы ғасыр жасқа толған майдангерге Қорғаныс министрінің атынан алғыс хат пен естелік сыйлық табыс етті.

Рзағұл Байкешев 1923 жылы 18 қазанда Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында дүниеге келген. Ол балалық шағынан аштықты да, еңбектің ауыртпалығын да көріп өсті.

1943 жылы майданға шақырылып, Кеңес әскерлерінің құрамында Ржев қаласы маңындағы шайқастарға, Великие Луки шабуыл операциясына қатысты. Польша, Румыния және Венгрияны жаудан азат етіп, Отанына ефрейтор шенімен оралды.

Рзағұл Байкешевтің жауынгерлік ерлігі I және II дәрежелі Отан соғысы орденімен, Жуков медалімен және басқа да наградалармен марапатталды.

Бейбіт уақытта ол Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Рождественка ауылында (қазіргі Қабанбай батыр ауылы) экспедитор болып еңбек етті. Ардагер 1983 жылы зейнет демалысына шықты.

Рзағұл Байкешев екі ұл тәрбиелеп, олардан бірнеше немере мен шөбере сүйді. Қазір немересі Талғатпен тұрып жатыр.

Майдангер құттықтауды жылы қабылдап, әскери қызметшілерге табысты қызмет, отбасылық амандық және ашық аспан тіледі.

Ардагерге сыйлық ретінде Орталық ансамбль әртістері Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Орталық әскери оркестрінің сүйемелдеуімен соғыс жылдарындағы шығармаларды орындады.

Өзгелердің жаңалығы