Әскери қызметшіден анықталған "менингококк жұқпасы" тасымалданған болуы мүмкін

28 Қазан 2019, 15:04
2143
Бөлісу:
Әскери қызметшіден анықталған "менингококк жұқпасы" тасымалданған болуы мүмкін

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ​Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері жедел қызмет сарбазының өлімі туралы айтты.

​26 қазан күні күндізгі сағат 17:50-де Атырау облыстық ауруханасының науқастарды қабылдау бөліміне шекара қызметінің әскери қызметшісі ауыр жағдайда түсті. Алып келген адамдар сарбаздың соңғы уақытта қызуы көтеріліп, басы ауырып, басы айналып, құсып, әлсіз болып жүргені туралы шағымданып жүргенін айтқан.

"Сарбаздың жағдайы ауыр болғандықтан, дәрігерлер жедел түрде реанимация бөліміне орналастырып, барлық қажет шараларды жасады, бірақ түнгі сағат 23.35-те сарбаз қайтыс болды", - деп хабарлады басқармадағылар.

​Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Гүлнафис Таңбаеваның айтуынша, клиникалық-зертханалық тексеру нәтижесімен мамандар кеңесе отырып, науқасқа күрт дамыған менингококк жұқпасы жұққан болуы мүмкін деген алдын ала диагноз қойған.

​"Денсаулық сақтау басқармасы тарапынан осы жағдайды тексеру бойынша комиссия құрылып, әскери бөлімге дәрігерлер тобы жіберілді. Эпидемияға қарсы алдын алу шаралары жүргізілді, науқаспен байланыста болған 130 әскери қызметші тексеруден өтті, 54 әскери қызметшіден ЖРВИ алғашқы сатысы анықталды. Сарбазбен байланыста болған адамдар арасында менингококк жұқпасы анықталмады, медициналық бақылау жүргізілуде",  - делінген ведомство хабарламасында.

​Облыстың штаттан тыс эпидемиологі Гүлжамал Таубаеваның айтуынша, сарбаз әскери бөлімге 19 қазанда Қызылорда облысынан келген. Менингококк жұқпасының инкубациялық кезеңі 3-10 күн аралығы, сондықтан бұл жағдайда сарбаз ауру тасымалдаушы болуы мүмкін. Сұрастыру арқылы анықталғандай, сарбаз үш күн ауырып жүрген, медициналық көмекке 26 қазан күні сағат 14:30-да жүгінген.

Бұған дейін Атырауда әскери қызметші қайтыс болғаны туралы хабарланған. Алдын ала мәлімет бойынша шекарашы сарбаз менингит жұқтыру салдарынан қаза болуы мүмкін.



Өзгелердің жаңалығы