Елімізде мерзімді әскери қызмет екі кезеңнен тұратын жаңа үлгіге көшіріледі. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында айтылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Отырыста әскери реформа жоспарының жобасы талқыланып, мақұлданды. Жоспардың орындалуын үйлестіру міндеті Үкімет пен Қауіпсіздік Кеңесіне жүктеледі.
Реформада қарастырылып отырған маңызды мәселенің бірі – мерзімді әскери қызмет жүйесіне өзгеріс енгізу.
«Бұл реформаның маңызды аспектісі – мерзімді әскери қызметтің екі кезеңнен тұратын үлгісіне көшу. Әскерге шақырылғандар алғашқы алты айда оқу орталықтарында даярлықтан өтеді. Кейінгі алты айда тікелей әскери бөлімдерде қызмет етеді. Бұл кезеңде жауынгерлік даярлыққа және бөлімшелер құрамында міндеттерді орындауға басымдық беріледі», - деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, жиында аталып өткендей, консультанттар мен Әскери қызметшілер істері жөніндегі уәкіл институттарын құру жоспарланып отыр.
Сондай-ақ жарғыға сай келмейтін іс-әрекетке жол бермеу және әскери тәртіпті күшейту шаралары қабылданады.