Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Асқар Мұстабеков әскери қызметшілердің тамақтану рационына киік етінен жасалған консервілерді енгізу мәселесі қарастырылмайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Брифинг барысында журналистер Үкіметтің депутаттық сауалға берген жауабынан кейін әскердегі құрғақ азық-түлік жиынтығына (сухой паек) киік етінен жасалған консервілер енгізілуі мүмкін бе деген сұрақ қойды.
Қазіргі таңда сарбаздардың тамақтану нормасында консервілер жоқ. Онда кәдімгі ет тағамдары қарастырылған. Бұл мәселе қазір қаралып жатқан жоқ, – деді Асқар Мұстабеков.
Сондай-ақ журналистер одан жалпы әскери рационға киік етін қосуға қалай қарайтынын сұрады.
Мен өзім жеп көрген жоқпын. Сондықтан оны білмеймін, – деп жауап берді министрдің орынбасары.
Оның айтуынша, құрғақ азық-түлік жиынтығы арнайы институттар бекіткен рацион негізінде қалыптастырылады.
Журналистің киік етінен жасалған консервілерді құрғақ азық-түлік құрамына енгізу жоспарланып отыр ма деген нақтылау сұрағына Асқар Мұстабеков:
Жоқ, – деп қысқа жауап берді.
Бұған дейін әскердегі тәртіпті енді жасанды интеллект бақылайтыны айтылған еді.