«Ashyq». Цифрлық даму министрлігі депутатқа жауап берді

«Ashyq». Цифрлық даму министрлігі депутатқа жауап берді
3013

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі «Ashyq» қосымшасының қауіпсіздігіне күдік танытқан Парламент Мәжілісінің депутаты Снежанна Имашеваның депутаттық сауалына жауап берді.

«Ashyq» – бұл ел ішінде COVID-19 вирусын жұқтыру және таралу үрдісіне барынша тосқауыл болып, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған, карантиндік шектеулер кезінде бизнестің дамуына мүмкіндік беретін мобильдік қосымша. Министрлік жауабында IT-қоғамдастық жасаған бұл қосымшаға бюджеттен қаржы шығындалмаған.

1. Қосымша ешқандай жеке мәліметтерді сақтамайды, тек қана ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ПТР базасынан қолданушының мәртебесі туралы ақпарат алады.

Оның үстіне, «Ashyq» қосымшасы «электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық операторы - «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның серверлерінде қауіпсіздік шараларымен қамтамасыз етілген. Бұл тұрғыда ақпараттық қауіпсіздік қатаң қадағаланады. Сондай-ақ ҚР «Ақпараттандыру туралы» заңына сәйкес ақпараттық жүйе 1 жыл бойы тәжірибелік қолданыста болуы тиіс, сосын ақпараттық қауіпсіздік сынағынан өтіп, күнделікті кең қолданысқа енгізіледі. Яғни қазіргі таңда «Ashyq» қосымшасы тәжірибелік қолданыста, пилоттық тәртіпте жүзеге асып жатыр, - дейді ЦДИӨМ.
2. Былтыр «Ashyq» қосымшасы Қазақстанның бірнеше қаласында пилоттық тәртіпте іске қосылды. Қолданушылар мен жобаға қатысушылардың пікірлерін ескере отырып, кейбір техникалық ақаулықтар жөнделді. Жалпы, жобаға қатысушылар қосымша туралы жақсы пікір білдіріп жатыр. Қосымшаны сынау барысында 800-ден астам адамнан COVID оң нәтижесі анықталып, бизнес нысандарының клиенттеріне қауіпсіз орта қалыптастыруға мүмкіндік жасалды. Сәуірдің басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке бұл жобаны ел бойынша енгізуге тапсырма берді;

3. Қазір қолданушылардың ұсыныс-пікірлеріне орай «Ashyq» қосымшасы үнемі жаңартылып жатыр. Бүгін 28 сәуірде техникалық тұрғыда жетілдірілген, өнімділігі жоғары, шетелдік азаматтардың да ПТР мәртебесін тексеру функциясы бар жаңа нұсқа іске қосылды;

4. Қолданушының ағымдағы мәртебесін ashyq.kz веб-ресурсынан тексеруге болады. Қазір осы парақшаны деректермен толтыру, «Ashyq» қосымшасының сипаттамасы туралы бөлімдер жасау, жиі қойылатын сұрақтарға жауап беру, техникалық қолдау бөлімінің байланыс телефондарын енгізу жұмыстары жүріп жатыр. «Ashyq» жобасына қатысушылардың тізімін әкімдіктердің және «Атамекен» АКП сайттарынан көруге болады;

5. «Ashyq» туралы ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында қосымшаны қолданушылар үшін 1414 бірыңғай байланыс орталығының «бірінші» желісінде техникалық қолдау ұйымдастырылған, сондай-ақ «Атамекен» ҰКП бизнес өкілдері 1432 call-орталығына хабарласа алады. Оның үстіне Telegram мессенджерінде жобаға қатысып жатқан кәсіпкерлер үшін @support_ashyq_bot техникалық қолдау қызметі жұмыс істейді.

Мұндай IT-шешімдер халықаралық тәжірибеде кеңінен қолданылады. Мәселен, Біріккен Араб Әмірліктерінде COVID19 - DXB Smart App мобильдік қосымшасы болса, Малайзия үкіметі COVID-19 індетінің қарқынын бақылайтын қосымша жасап шығарды.

Айта кетейік, жоба іске қосылғаннан бері «Ashyq» мобильдік жобасымен жұмыс істеуге ниет білдірген бизнес нысандарына 1 500 астам QR-код берілді (спа және фитнес орталықтар, бассейндер, компьютерлік клубтар, кинотеатрлар, театрлар). 432 қолданушы қосымшаға тіркелген. Пилоттық жоба кезінде оң нәтижелі ПТР бар 850 адам және ауырғандармен байланыста болған 483 азамат қоғамдық орындарға кіруге талпынған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, Covid-19 вирусы бар бір адам шамамен 2-4 кісіге ауру жұқтырады екен, осыған сүйенсек, «Ashyq» мобильдік қосымшаны сынау барысында кемінде 2 000 адам індет жұқтыру қаупінен аман қалған.

Еске сала кетейік, Мәжілістің жалпы отырысында депутат Снежанна Имашева министрлікке аталған мәселе бойынша депутаттық сауал жолдаған болатын.

Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ашық дереккөз
Өзгелердің жаңалығы