«Ашық бюджет». 8 өңірде 33 млн теңге үнемделді

27 Қазан 2020, 16:10
1395
Бөлісу:
«Ашық бюджет». 8 өңірде 33 млн теңге үнемделді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Азаматтардың хабардар болуы 33 млн теңге бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланудың алдын алды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Қазіргі таңда Агенттік бюджеттік ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында азаматтық қоғам институттарының өкілдерімен бірлесіп бұдан бұрын іске қосылған «Ашық бюджет» жобасы аясында шаралар кешенін жүзеге асыруда.

Жобаның мақсаты - азаматтық қоғам өкілдеріне бюджет қаражатын жоспарлау мен жұмсауда қоғамдық сараптама жүргізу мәселелерінде, сондай-ақ, жеке қаржыны сауатты жоспарлауда жәрдемдесу. 

Осылайша, жоба іске қосылған сәттен бастап Ашық бюджеттердің интерактивті картасы арқылы қоғамдық бақылаушылар тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді шекті деңгейінен жоғары құны бойынша сатып алуды анықтап, олардың іске асырылуын тоқтатты. Нәтижесінде, еліміздің 8 өңірінде үнемделген қаражат сомасы шамамен 33 млн теңгені құрады, - делінген хабарламада.

Бюджет қаражатының тиімсіз пайдаланылуын анықтаудың жекелеген кейстері Агенттіктің аумақтық департаменттерінің әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында тікелей эфирлер барысында талдануда.

Жалпы, мемлекеттік органдар өкілдері, тәжірибелі заңгерлер мен жұртшылықтан құрылған 25-тен астам сарапшының қатысуымен бюджет қаражатын жұмсау тиімділігінің мониторингі және дербес қаржылық сауаттылықты арттыру бойынша 50 онлайн-кеңес өтті.

Сонымен қатар, бюджет қаражатының жұмсалуына қоғамдық сараптама жүргізуге азаматтарды кеңінен тарту үшін өңірлік кәсіпкерлер палатасы, қоғамдық кеңес, кәсіподақ ұйымдары, Nur Otan партиясы және Арнайы мониторингтік топтардың өкілдерінен жалпы саны 83 белсенді азамат бастаған «Ашық бюджет» өңірлік клубтары құрылды.

Әрбір ниет білдіруші Ашық бюджеттердің интерактивті картасы арқылы (publicbudget.kz) бюджет қаражатының мақсатқа сай пайдаланылуына қоғамдық сараптама жүргізуге тікелей қатысып, елдегі жемқорлық деңгейін төмендетуге өз үлесін қоса алады.

Өзгелердің жаңалығы