АШМ бидай бағасының қанша теңгеге белгіленгенін айтты

21 Қыркүйек 2021, 09:55
5111
Бөлісу:
АШМ бидай бағасының қанша теңгеге белгіленгенін айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Азық-түлік корпорациясы бидай сатып алу бағасын 3-сыныпты бидай үшін сапасына қарай 103-107 мың теңге аралығында белгіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев мәлімдеді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша осы жылы Азық-түлік корпорациясы ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алуды жүзеге асырып жатыр. Соның арқасында Азық-түлік корпорациясының ресурстарына 769,4 мың тонна көлемінде астық жеткізуге келісімшарт жасалды, - деді АШМ министрі.
Қарашөкеев баяндағандай, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен толықтай есеп айырысу үшін Азық-түлік корпорациясы бидай сатып алу бағасын 3-сыныпты бидай үшін сапасына қарай 103-107 мың теңге аралығында, 4-сыныпты бидай үшін 98 мың теңге, 2-сыныпты арпа үшін 87 мың теңге мөлшерінде белгіледі.
Азық-түлік корпорациясының сатып алу бағалары ішкі нарықтағы ағымдағы бағаларға сәйкес келетінін атап өту қажет. Бұл фермерлердің шығындарын саланың одан әрі дамуын қамтамасыз ететін рентабельділік деңгейімен өтеуге мүмкіндік береді, - деп баяндады Қарашөкеев.

Айтуынша, азық-түлік корпорациясының сатып алу бағасы - келісімшарттар жасасу кезінде бағдары саналады. Яғни әділ баға белгілеу астық бағасының күрт ауытқуын болдырмауға мүмкіндік береді.

21 қыркүйектегі жай-күй бойынша Азық-түлік корпорациясының ресурстарына 119 мың тонна астық жеткізілді. Бұдан бөлек, Азық-түлік корпорациясының 426,3 мың тонна көлеміндегі резервтік астық қоры бар. Аталған астық көлемі, қажет болған жағдайда, ішкі нарықты тұрақтандыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ішкі нарыққа жіберіледі, - деді ол.

Ол егін жинау және астық қабылдау жұмыстарын жүргізу мәселесі министрліктің тұрақты бақылауында екенін айтты.

Өзгелердің жаңалығы