Ашқан дүкенім пандемия салдарынан екі күннен соң жабылды – жас кәсіпкер

27 Қазан 2021, 16:11
11546
Бөлісу:
Ашқан дүкенім пандемия салдарынан екі күннен соң жабылды – жас кәсіпкер

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде кәсіп түрі көп. Бірақ отандық өнімнің жөні бөлек. Кейіпкеріміз көлігіне ұлттық нақыштағы қаптама іздеп таппай, шаршағаннан кейін өзі тігіп алуға бел буған. Оған дейін тігін машинасын қолына ұстап көрмеген ол қиындықтан қашпай, өз ісін бастап кеткен. Бүгінде жас кәсіпкер Дамыс Болатхан елордада трансформен-сумка тігумен айналысып, ұлттық брендті қалыптастыруға өз үлесін қосып келеді.

- Дамыс, кәсіпті қалай бастадыңыз? Осы идеяның келуіне түрткі болған жағдайды баяндап беріңізші?

- Кәсіпке келудегі ең басты мақсатым – еліме жеріме деген ыстық махаббат. Жалпы, Қазақстаныма қызмет еткім келді. Меніңше, әрбір адам өз отанын жақсы көрсе, оны ұлттың құндылығы арқылы іспен дәріптеуі қажет. Сондықтан Моңғолияда жүргенде, бала кезімде-ақ ұлтымыздың құндылықтарын көріп өстім. Атажұртқа оралған соң, мұндағы ұлттық құндылықтарымыздың бай мұрасын, таңдаудың көптігін, істеймін деген адамға техникалық мүмкіндіктің жеткілікті екені қуантты. Бірақ ұлтымыздың ұлағатты өнерінің дәріптелуі жетіспей жатқаны байқалды.

Жалпы, ер адам көлікке құмар келеді ғой. Алғашқыда салоннан алған көлігім болды. Соның ішін ою-өрнекпен қаптап, ұлттық нақышта сәндегім келді. Кезінде ата-бабаларымыз аттарының ер-тұрмандарын күмістеп, әдемілеп мінді емес пе?! Сол секілді әсемдегім келді. Қазіргі заманға сай көлігіміз де темір-тұлпарға ауысты ғой. Ата-бабамның жолын қуып, сол машинамды өзімше сәндеп-әрлеп мінсем деген ой келді. Отыратын орындықтарын қазақы нақыштағы қаптамамен қаптағым келіп, көп іздедім. Бірақ көңілімнен шығатындай дүние таппаған соң, тігін ісін өзімнен бастайын дедім. Сол себепті ою-өрнекке деген қызғушылығым қазіргі кәсібіме бастамашы болды деп айта аламын.

- Көлік орындығының қаптамасын өзіңіз тігіп алмаққа бел буғаныңызға қарағанда, бұрыннан тігін өнерін білетін болып тұрсыз ғой?

- Жоқ. Кәсібімді бастар кезде тігін саласынан еш хабарым болмады. Бұған дейін мұғалім болып жұмыс істедім. Алғашқы кезде 3-4 ай YouTube-тан тігінге байланысты түрлі видеолар қарап, осы салада жүрген мамандарды зерттедім. Уақыт өте келе тігін өнерін ақырындап меңгере бастадым. Кейін көлігімнің ескі чехолын алып тастап, өзім армандаған ою-өрнекпен қаптау үшін әрекет еттім. Орындық тысын 4-5 ай дегенде тігіп шығардым. Шығын көп кетті. Бірақ ойлаған дүниемді жасап алдым.

Ары қарай өз ісіме икемделе кеттім. Тігінге байланысы бар кез келген жұмысты істей бердім. Кейіннен тапсырыс ала бастадым. Тәжірибе жинай келе, ескі орындықтардың тысы, көліктің ішінен қалған ұсақ-түйек былғарылардан өзіме сөмке тігуді қолға алдым.

- Кәсіп аса үлкен табандылық пен еңбекті талап етеді. Жалпы, кәсіп бастау үшін адам бойында қандай қасиеттер болуы керек деп ойлайсыз?

- Адам дүниеге келген соң әйтеуір бір нәрсеге икемді болады. Ең әуелі – ниет. Екіншіден, кез келген дүниеге икемді болу керек. Сосын ниет пен икемділікті қосып, өз-өзіңді еңбекке баулу қажет. Меніңше, бұл салаға талант та, қажырлы еңбек те керек.

- Кәбіңізді үш жылдан бері игеріп келеді екенсіз. Пандемия қаншалықты әсер етті? Өрісіңіз кеңейді ме, тарылды ма?

- Сөмке саудасын қыздырып, бизнес әлеміне кіргеннен кейін пандемия басталды. Ол кезде дүкен ашуды армандап жүр едім. 2019 жылы наурыз айында ашамын деп жоспарлап, 7-8 ай дайындық жасадым. 15 наурызды дүкенім ашылатын күн ретінде белгілеп, жұмысшылар алып қойған болатынмын. Өзіңіз білетіндей, сол жылы наурыз айының соңына қарай коронавирус тарап, дүкен мен базарлар жабылады деген хабар келе бастады. Дегенмен сол күні ашылу салтанатын өткіздім, іс-шараға 60-қа жуық адам жиналды. Ал екі күн өткен соң дүкенім жабылып, жұмысшылар үйлеріне қайтты. Мен үшін пандемия кезіндегі ең ауыр соққы осы болды. Қаншама дайындық жасап, уақыт шығындадым. Бірақ қазір жағдай тұрақталды.

- Қазір кәсіптің бәрі интернетке ауысты. Яғни, оның логотипі, instаgram-парақшасы болуы шарт. Жалпы интернет желісінде кәсібіңіз қалай жүруде?

- Қазір кәсіпкерлер үшін әлеуметтік желінің маңызы зор. 2018 жылы әлеуметтік желіден маркетинг жайында білім алған едім. Ол жерде интернет арқылы кәсіпті тез әрі ыңғайлы жүргізуге мүмкіндік беретінін түсіндім. Кейін бірден істеген жұмыстарымды әлеуметтік желіге салып, пост жазып, өзімді дамыта бастадым. 3-4 жыл кәсіппен айналысып келе жатсам да, офлайн түрде жарнама беріп көрмеппін. Барлық жарнамамыз әлеуметтік желілер арқылы жүреді және 90 пайыз тапсырысты сол жерден аламыз.

- Сөмкені қандай материалдардан жасайсыз? Қолдорба алғысы келген сатып алушыға қандай кеңес берер едіңіз?

- Жалпы, матадан тігілетін сөмкелер жеткілікті. Біздің сөмкеміздегі бірінші ерекшелік, ол – былғары. Былғарының ішінде түрлері көп. Меніңше, сөмке былғары материалдан болғаны дұрыс. Оның ішінде көпшілікке қолжетімді болу үшін біз үш түрін қолданамыз.

Біріншісі, жасанды былғары - «замкожа» деп аталады. Ал екіншісі - қоспалы былғары. Бұл жерде былғарыны өңдеген кезде, таза былғарының үгіндісі қосылып, жасанды былғары шығарылады. Бұл, өз кезегінде, сапа жағынан өте жақсы болады. Үшіншісі, жануарлардың терісінен өңделген таза былғары, яғни, табиғи өнім.

- Тәуелсіздік алғаннан бері ұлттық киімдер, бәтеңкелер, т.б өнімдеріміз шығып жатыр. Алайда көпшілік бағасының қымбаттығына наразы. Бұл жайлы пікіріңіз қалай?

- Тәуелсіздігімізге 30 жыл толса да, ел экономикасында әлі де олқылықтар бар. Мысалы, елімізде шикізат өңдейтін өндіріс орындары тапшы. Мәселен, мен бір сөмкемді тігу үшін 5-6 жерден материал жинаймын. Барлық өндірілген материалдар сырт мемлекеттерден келеді. Сол себепті басқа бір елдің зауытынан шыққан 10 теңгенің заты бізге 50 теңге болып жетеді. Ал оның үстіне кәсіпкерлер – өз еңбегімізді қосамыз. Мұның бәрі, айналып келгенде, халықтың қалтасына ауыр тиеді. Көпшілік өндірушілерді кінәлайды. Бірақ, менің ойымша, бәрі әрбір адамның жауапкершілігінде.

- Елімізде бизнес-форум мен конференциялар саны жиіледі. Мемлекет тарапынан қандай қолдау көрсетілуде?

- Жалпы, елімізде кәсіп үшін жағдай жасалған деп айта аламын. Кәсіпкерлерді қолдау мақсатында мемлекетаралық жобалар ұйымдастырылып жатыр. Бірнеше ай бұрын түркітілдес халықтар арасында жас бизнесмендерді қолдау үшін Өзбекстанда ауқымды жиын өтті. Бұл жерде еліміздің әр өңірінен 4 кәсіпкер бардық. Жиында кәсіп туралы ойталқылар, пікір алмасулар болды. Кері байланыс орнап, түркітілдес ұлттар арасындағы кәсіп өкілдері тәжірибе алмасты. Қазақстандық кәсіпкерлерді мемлекетіміз ұйымдастырып, қолдап жіберді. Меніңше, бұл - кәсіпкерлерге деген үлкен қолдау. Басқа елдердің бизнес саласының қалай өсіп жатқанын, оларда қандай кәсіп түрінің дамып жатқанын көрдік. Егер мемлекетіміз мұндай конференцияларды жиі ұйымдастырып тұрса, кәсіпкерлеріміздің тез өсетіні хақ. Алдағы уақытта да мұндай жобалар көптеп болатынын айтты. Мемлекеттен мүлдем қолдау жоқ деп айтып жүрген адамдарды көрдім. Меніңше, бұл - дұрыс емес. Өзін көрсете білген, сапалы өнім ұсына білген адамға қай жерде де әрқашан қолдау бар.

- Әңгімеңізге рақмет!

Өзгелердің жаңалығы