Әшімбаев пен Мусин Жас сарапшылар клубының мүшелерімен кездесті

13 Қараша 2020, 19:27
1232
Бөлісу:
Әшімбаев пен Мусин Жас сарапшылар клубының мүшелерімен кездесті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубының екінші отырысы болып өтті. Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметі хабарлады.

Оған Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев пен еліміздің Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин қатысты. Отырыс барысында Клуб мүшелері «Жаңа замандағы цифрлық сын-қатерлер және ұлттық бағдар» тақырыбы бойынша өзекті мәселелерді талқылады. 

Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубының жұмысы белсенді түрде жанданып келеді. Көптеген жас азаматтар осы бастамаға қызығушылық танытып, оның жұмысына қатысуға ниет білдіруде. Біз Сенат ұйымдастыратын түрлі бағыттағы іс-шараларға Клуб мүшелерін жұмылдыруға баса мән береміз. Қазірдің өзінде ұтымды ұсыныстар мен тың идеялар келіп түсіп жатыр, – деді Мәулен Әшімбаев. 

Сондай-ақ, Сенат төрағасы сапалы интернетсіз цифрлық технологияны дамыту мүмкін емес екенін айтты. Сондықтан сенаторлар кеше ғана өткен Палата отырысында Салық кодексін жетілдіруге арналған заң жобасына жаңа нормалар енгізді. Ол түзетулер байланыс операторларына радиожиілікті қолданғаны үшін төлейтін төлемнің 90 пайызын ауылдық жерлерді кең жолақты интернетпен қамтамасыз етуге жұмсауға мүмкіндік береді. 

Қазіргі таңда байланыс операторлары радиожиілікті қолданғаны үшін жыл сайын 17 миллиад теңге көлемінде қаржы төлейді. Сенаторлар осы төлемнің 90 пайызын олардың өздеріне қалдыруды ұсынып отыр. Бірақ операторлар бұл қаражатты, ең алдымен, ауылдық жерлерді кең жолақты, сапалы интернетпен қамтамасыз етуге жұмсау керек. Бұл – Мемлекет басшысының тиісті тапсырмасы аясында өңірлердегі интернет инфрақұрылымын дамытуға арналған шара, – деді Мәулен Әшімбаев. 
Сенат төрағасы Қазақстан халқын, әсіресе, ауылдық жерлердің тұрғындарын қолжетімді интернетпен және сапалы байланыспен қамтамасыз ету арқылы цифрлық теңсіздікті жоюдың маңызы зор екенін де тілге тиек етті. 

Өз кезегінде министр Бағдат Мусин осы маңызды мәселеге ерекше назар аударып, оны оңтайлы шешуге атсалысып жатқаны үшін Сенат депутаттарына алғысын білдірді және ведомство алдында тұрған нақты сын-қатерлерге тоқталып өтті.  

Цифрландырудың екі жағы бар. Біріншісі ашықтық болса, екіншісі – ақпарат қауіпсіздігі. Халыққа дер кезінде көмек көрсету үшін барлық мәліметті бір жүйеге жинау – біздің міндетіміз. Мысалы, төтенше жағдай кезінде төлемдерді төлеуге қатысты мәселелер мәліметтердің болмауынан емес, олардың әртүрлі деректер базасында сақталуынан туындады. Сондықтан біз цифрландыру арқылы халыққа алдын ала көмек көрсететін жүйе құруды көздеп отырмыз. Біз азаматтар 4 баласы бар екенін өздері келіп айтқанын күтіп отырмауымыз керек. Қайта олардың мәртебесі өзгеріп, көп балалы ата-ана атанғанын алдын ала білуіміз қажет. Сол кезде жәрдемақы алу, балабақшаға орналасу мәселелерін шешу жеңілдей түседі. Инфрақұрылымға қатысты нақты түйткілдер бар. Сондықтан өңірлерде интернетті дамыту мақсатымен операторларды ынталандыру бағытында қолдау көрсеткені үшін сенаторларға алғысымызды білдіреміз, – деді Бағдат Мусин. 

Отырысқа қатысқан жас сарапшылар да осы мәселеге қатысты өз пікірлерін білдіріп, цифрландырудың негізгі қырларына тоқталды. Клуб мүшелері ашық үкіметті дамыту және цифрлық білім беру мәселелері бойынша, сондай-ақ, денсаулық сақтау саласында цифрлық технологияны қолдану преспективаларына қатысты ұсыныстарын жеткізді. 

Министр Бағдат Мусин барлық ұсынысты мұқият талқылауға дайын екенін және оларды алдағы жұмыс барысында ескеретінін айтты.



Өзгелердің жаңалығы