Құрылтай депутаты Асхат Аймағамбетов қазақстандықтардың әр шаруаға жеке жұмыс чатын аша беретін әдетін сынға алды. Ол ақпараттық шудан арылу үшін өзі қолданатын тәсілімен бөлісіп, мессенджерлердегі толассыз хабарламалар жұмысқа ден қоюға кедергі келтіретінін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың сөзінше, соңғы уақытта телефонын «Зейін қою» режиміне қойып, хабарламаларды үш сағатта бір рет қана ашып көруге тырысады. Сонымен қатар смартфоны мен смарт-сағатындағы әлеуметтік желілер мен Telegram-арналардан келетін ескертулерді өшіріп қойған.
Мессенджердің бітпейтін дыбысы адамның ойын бөліп, жұмысқа ден қоюға кәдімгідей кедергі екен. Оның үстіне бізде сәл бір шаруа шықса болды, жеке чат аша салатын әдет бар ғой. Ол да жағдайды қиындата түседі, – деп жазды Асхат Аймағамбетов.
Депутаттың пікірінше, қазір адамдар үнемі байланыста болуды жауапкершіліктің белгісі деп қабылдай бастаған. Алайда оның айтуынша, телефонға үнемі жауап беріп отыру мен жұмысты нәтижелі орындау – екі бөлек нәрсе.
Байқасақ, үнемі байланыста болуды жауапкершіліктің белгісі деп санауға үйреніп кетіппіз. Бірақ күні бойы телефонға телміріп отыру мен тындырымды жұмыс істеу – екеуі екі бөлек нәрсе ғой, – дейді ол.
Аймағамбетов мәселенің тағы бір қырына назар аударды. Адамдар әр хабарламаға бірден жауап беруге дағдыланып қана қоймай, өзгелерден де дәл сондай жеделдікті күтеді. Депутат мұндай жағдайда өзара түсіністік танытып, байланыс тәртібін келісіп алған жөн деп санайды.
Меніңше, өзара былай келісіп алуға болады: шаруа шынымен тығыз болса – қоңырау шалайық. Ал асығыс болмаса – бірнеше сағат күте тұруға әбден болады, – дегене ұсыныс білдірді депутат.
Депутат адамдардың демалу құқығын құрметтеу қалыпты түсінікке айналғанымен, ешкімге алаңдамай, тыныш отырып жұмыс істеу құқығына келгенде әлі де түсіністік жетіспейтінін атап өтті.
Адамның демалу құқығын құрметтеуді үйрендік қой. Ал оның ешкімге алаңдамай, тыныш отырып жұмыс істеу құқығына келгенде әлі де аздау түсіп жатамыз, – деп түйіндеді Асхат Аймағамбетов.