Асхат Аймағамбетов: Мұғалім күніне екі құжат қана толтырады

22 Сәуір 2022, 11:40
3330
Бөлісу:
Асхат Аймағамбетов: Мұғалім күніне екі құжат қана толтырады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Qazaqstan арнасының «Жедел желі» бағдарламасына берген сұхбатында мұғалімдерден артық құжатты талап ету заңбұзушылық болып есептелетінін айтты.

Бұған дейін мұғалімдердің баланың қай пәтерде тұратынын анықтау үшін үй аралап жүрген кездері болды. Біз оның барлығын алып тастадық. Қазір мұғалімдер есік қағып, үй араламайды. Одан бөлек, мұғалім толтыратын құжат көп болатын. Саны тіпті 100-ден асатын. Соның бәрін реттеп жатырмыз. Президенттің тапсырмасының аясында «мұғалім күніне 2 ғана құжат тапсырады» деген бұйрық қабылдадық. Олар – баға қою және оқу жоспары, - деп түсіндірді бас ұстаз.

Министр енді мұғалімдер осы екі құжатты ғана толтыруға міндетті екенін атап өтті.

Айта кетейік, қазіргі күні педагогтер тарапынан басшылары электронды күнделікке толтырылған құжатты жыл соңында қағаз түрінде шығаруды талап етіп жатқандары туралы арыз-шағымдар айтылып жүр.

Бағаны электронды жүйе арқылы қояды. Ал күнделікті сабақ өткізуге арналған жоспар – ол түсінікті. Бірақ кейбір әріптестеріміз әлі күнге дейін бұрыннан қалып қойған жұмыстан арыла алмай отыр. Былтыр 700-ден астам осындай адамдарды (қажетсіз құжатты талап еткендерді – ред.) жауапкершілікке тарттық. Бағалар Kundelik-ке қойылғаннан кейін оны қағазға шығарудың ешқандай қажеті жоқ, - дейді министр.

Ол министрліктің бұйрығына тіпті мұндай құжатты шығаруды талап етуге болмайды деген пункт енгізілгенін айтты. Айтуынша, электронды күнделіктегі ақпаратты басып шығаруды талап ету ол заңбұзушылық болып есептеледі. Оны талап еткен басшы алдымен әкімшілік жауапкершілікке және жұмыстан шығаруға дейінгі тәртіптік жауапқа тартылады. 

Көптеген директор осындай құжатты талап еткені үшін жұмыстан шығарылды, - деп айтты Асхат Аймағамбетов.

Өзгелердің жаңалығы