«Мәселе тәжірибеде емес»: Аймағамбетов партиялар туралы пікір білдірді

Депутаттың айтуынша, шешім ортақ құндылықтар мен ел болашағына қатысты бірдей ұстанымдарға негізделген.

 ©BAQ.KZ/Арман Мухатов Бүгiн 2026, 17:33
Бүгiн 2026, 17:33
149
Фото: ©BAQ.KZ/Арман Мухатов

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов AMANAT партиясының «Әділет» партиясына қосылу туралы шешімі партиялардың тәжірибесі мен мәртебесіне емес, ортақ ұстанымдар мен мақсаттарға негізделгенін айтты. Бұл туралы ол Астанада өткен AMANAT партиясының XXVI съезі аясында журналистердің сұрақтарына жауап беру кезінде мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Журналистер AMANAT тәжірибесі мол саяси күш болғандықтан, ал «Әділет» партиясы салыстырмалы түрде жақында құрылғандықтан, қосылу туралы шешім осыған байланысты қабылданды ма деген сауал қойды.

Аймағамбетовтің айтуынша, бұл жағдайға «ескі» және «жаңа» партиялар тұрғысынан қарау дұрыс емес.

Мен мұндай ескі қалыптасқан өлшемдермен ойламас едім. Жаңа, ескі, жақын, алыс деген секілді ұғымдар бүгінде онша сәйкес келе бермейді. Заңдық рәсімдер мен техникалық мәселелер туралы айтқанда, біз ең маңызды нәрсені — осы шешімнің мәнін ұмытып кетеміз, — деді депутат.

Ол бұл шешімнің басты себебі елдің болашағы үшін күш біріктіруге деген ұмтылыс екенін атап өтті.

Елдегі ең ірі саяси партия мемлекет болашағы үшін жауапкершілік пен бастаманы өз мойнына алып отыр. Біздің көзқарастарымыз бірдей, екі партия да центристік бағытты ұстанады. Құндылықтарымыз ортақ, мемлекетті дамытуға қатысты ұстанымдарымыз ұқсас. Сонымен қатар біз Мемлекет басшысының саясатын қолдаймыз. Сондықтан бұл шешімнің логикасы түсінікті, — деді Аймағамбетов.

Оның айтуынша, бұл бірігу саяси әлеуетті күшейтіп, партия жұмысының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Екі мықты партия бір саяси күштің аясында күш-жігерін біріктіріп отыр. Бұл қосымша артықшылықтар мен жаңа мүмкіндіктер береді, — деді ол.

Депутаттың пікірінше, қабылданған шешімнен тек партия мүшелері ғана емес, тұтас қоғам ұтады.

Бұдан қарапайым партия мүшелері де, қоғам да, ең бастысы, еліміз ұтады. Біріккен кезде біз жаңа мақсаттарға қол жеткізіп, жаңа белестерді бағындыра аламыз. Бізге жаңа серпін мен жаңа энергия келеді, — деді Асхат Аймағамбетов.

Еске салайық, AMANAT партиясының XXVI съезінде «Әділет» партиясына қосылғаны жарияланған болатын. Съезд қатысушылары бұл қадам елді дамытудың стратегиялық міндеттерін жүзеге асыру және Әділетті әрі Прогрессивті Қазақстан құру жолында кадрлық және қоғамдық әлеуетті біріктіруге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Наверх