Ашаршылықтан нақты қанша адам өлгені әлі толық анықталған жоқ – Омарбеков

16 Ақпан 2021, 12:17
1960
Бөлісу:
Ашаршылықтан нақты қанша адам өлгені әлі толық анықталған жоқ – Омарбеков

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада ашаршылықтың 100 жылдығына орай өтіп жатқан дөңгелек үстелде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Орталық Азиядағы дәстүрлі өркениеттерді зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Талас Омарбеков ашаршылықтан құрбан болғандардың саны әлі толық шыққан жоқ дейді.

Қазақстандағы ашаршылық апаты туралы айтқанда, алғаш 1921-1922 жылдардағы ашаршылықтан бастаймыз. Бұл мәселе о бастан-ақ, кеңестік тоталитарлық жүйе әлі қалыптаса қоймаған кезеңде орын алғандықтан, тарих ғылымында құпия бола қойған жоқ. Рас, қырылған адамдар санын анықтауға құлшыныс байқала қоймады, - дейді ол. 

Сонымен қатар ол Кеңестік тарихнама бұл қасіретке байланысты негізгі кінәні климаттық жағдайдың нашарлауына және ақтардың азамат соғысын тудыруына аударып құтылғанын айтты. 

Шындық мұнда, әрине, біршама бұрмаланды. Қазақ жерінде Азамат соғысының тұтануына ең алдымен большевиктердің өздері кінәлі еді. Тарихи әдебиетте, міне, осы мәселе айтылмады, - дейді тарихшы. 

 Кеңестік билік осы ашаршылықта ауыл халқының Қазақстан аймағында 30%-дан асып кеткенін келтірді. 

Яғни 1 миллионға жуық адамның кемігенін мойындаса да, осы кемудегі өлгендер қанша дегенге ешкім нақты жауап іздей қойған жоқ. Демографиялық есептеулер осы кемуде өлген қазақтар саны 700 мың адамнан асады деп көрсетеді. Кеңестік билік, сондай-ақ, бұл ашаршылықтың бәрінен бұрын дәстүрлі мал шаруашылығымен айналысатын қазақ шаруаларына ауыр тигенін айтудан жалтарды, - дейді ол.
Бұған дейін Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев ашаршылық адамзаттың ортақ қасіреті екенін атап өткен болатын. Оның сөзінше, тоталитарлық режимнің осындай озбыр саясаты Кеңес Одағының құрамында болған елдердің бәрінде жүргізілді.

Өзгелердің жаңалығы