Аша Матай мен Тамара Асар не үшін Құрылтайға ұсынылды? Шоқанов онлайн-дебатта жауап берді
Аша Матай мен Тамара Асар не үшін Құрылтайға ұсынылды? Шоқанов онлайн-дебатта жауап берді
Пікірсайыс барысында тараптар парламентке кандидаттарды іріктеу, олардың кәсіби білімі мен қоғамдық танымалдығы, сондай-ақ заң шығару жұмысына қатысуы жөнінде пікір алмасты.
14 Тамыз 2026, 22:37
БӨЛІСУ
АВТОР
Гүлжан РАМАНҚҰЛОВА
Гүлжан Раманқұлова - BAQ.KZ ақпарат агенттігінің аға тілшісі.
Бүгін елордада жекеменшік БАҚ-тың YouTube арнасында Қазақстан Халық партиясының төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов пен Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының (ЖСДП) төрағасы Асхат Рақымжанов арасында онлайн-дебат өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Пікірсайыс барысында тараптар парламентке кандидаттарды іріктеу, олардың кәсіби білімі мен қоғамдық танымалдығы, сондай-ақ заң шығару жұмысына қатысуы жөнінде пікір алмасты.
Нұрсұлтан Шоқанов Қазақстан Халық партиясы ұсынған кандидаттардың барлығы өз жолынан өткен, еңбек адамдары екенін атап өтті. Оның айтуынша, партия тізіміне қоғамға кеңінен танымал тұлғалар, соның ішінде Аша Матай мен Тамара Асар да енгізілген.
Біз әрбір кандидатымызды Құрылтайда көргіміз келеді. Әрқайсысы үлкен жолдан өтті. Әрқайсысы соған лайық. Олар - еңбек адамдары. Олардың сайлаушыларға, өз оқырмандарына, өз аудиториясына ұсынар дүниесі бар, – деді партия төрағасы.
Оның пікірінше, әлеуметтік желіде үлкен аудиториясы бар танымал тұлғалардың парламент жұмысына келуі заң шығару процесін қоғамға қарапайым әрі түсінікті тілмен жеткізуге мүмкіндік береді.
Дебат кезінде Құрылтайда заңгерлер мен экономистер секілді кәсіби мамандар болуы керек деген пікір айтылды.
Бұған жауап берген Қазақстан Халық партиясының төрағасы ЖСДП-ны өзгерістерден қорқады деп сынға алды.
Олар (ЖСДП - ред.) барлық өзгерістен қорқады. Басшысын ауыстырудан қорқады, бір сайлауалды бағдарламасын 20 жылдан бері өзгертуге қорқады. Олар шын мәнінде өзгеріс жасай алатын мықты әйелдерден де қорқады, – деді ол.
Сонымен қатар Нұрсұлтан Шоқанов парламенттің заң шығарушы орган ретіндегі рөліне тоқталып, қоғамның әртүрлі өкілдерінің саясатқа келуі маңызды екенін айтты.
Дебаттың тағы бір бөлігінде Нұрсұлтан Шоқанов экономиканы ырықтандыру арқылы мемлекеттік функциялардың бір бөлігін жеке секторға беру қажет екенін айтты.
Бізде даму үшін мүмкіндік бар, қаражатты қайдан алуға болатыны және қай жерде тиімділікті арттыруға болатыны туралы ойлануымыз керек. Бірінші кезекте Президенттің экономиканы ырықтандыру жөніндегі бастамасына назар аудару қажет, – деді партия төрағасы.
Ол әлеуметтік саясаттың басты бағыттарының бірі адам капиталына инвестиция салу болуы тиіс екенін атап өтті.
Бізде миллионға жуық адам кедейлік шегінде өмір сүріп жатқанын айттық. Бұл – біздің ең маңызды бағытымыз. Адам капиталына инвестиция салу назарымыздың ортасында болуы керек, – деді Нұрсұлтан Шоқанов.
Партия төрағасы әлеуметтік міндеттерді қаржыландыруда қолданыстағы бюджет мүмкіндіктерін де тиімді пайдалануға болатынын айтты.
Сондай-ақ ол Қазақстан Халық партиясы бастамасымен әзірленген бірқатар заң жобасы парламентте қаралғанын және партия заң шығару жұмысына белсенді қатысып отырғанын атап өтті.