Қаржылай қолдау қызылордалық дәрігерлерді жігерлендірді

23 Сәуір 2020, 19:47
2091
Бөлісу:
Қаржылай қолдау қызылордалық дәрігерлерді жігерлендірді

Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Коронавируспен күресіп жатқан қызылордалық денсаулық сақтау саласының 366 қызметкеріне үстемеақы төленді. Жанқиярлықпен еңбек етіп жүрген мамандар мемлекеттің қаржылай қолдауы жігерлендіргенін жеткізді.

Қармақшы аудандық аурухананың бас дәрігері Бақытжан Нысанбаевтың айтуынша, аурухананың қызметкерлерінің үйіне қайтпай, тынымсыз еңбек етіп жатқанына айға жуықтады. Ас-суы, жатын орны бар. Олардың жұмыс істеуіне қолайлы жағдайдың бәрі жасалған. Мемлекеттік қолдауды да сезінуде.

Біздің ауданда коронавирус инфекциясының 4 жағдайы тіркелген. Олар тиісті ем-домын алуда. Бүгінде емі аяқталған, жазылып шыққан науқастар бар. Қуантарлығы, 3 сәуірден бастап Қармақшыда жұқпалы індетке шалдыққандар тіркелген жоқ. Қазір қауіпсіздік шараларын күшейіттік. Халық та ахуалды жақсы түсініп отыр. Ал ауруханада құрал-жабдық, дәрі-дәрмек жеткілікті. Білікті мамандар да бар. Мемлекет басшысының тапсырмасымен барлық облыста, қалада індетпен күресіп жатқан денсаулық сақтау саласының қызметкерлерін қаржылай қолдауда. Үстеме ақы төлем 3 күрделілік санат бойынша беріліп жатыр. Стационар, провизорлық және карантиндік бақылау орнында жұмыс жасап жатқан қызметкерлердің тізімі әзірленіп, есептеулер жүргізілді. Алғаш науқас тipкелген наурыз айының соңғы үш кyнiнде еңбек еткен 2 дәpігер, 7 оpта буын медицина қызметкері және 5 кiші буын қызметкеpiне баpлығы 2 029 667 теңгенің қосымша үстемақысы төлендi. Олаp Президентімізге алғысын білдіріп, еңбегін бағалағанына өте разы, – дейді бас дәрігер.

Сонымен қатар, Жаңақорған ауданындағы медицина қызметкерлері де «қаржылай қолдау – ұшан-теңіз еңбекке берілген лайық баға» деп отыр. Солардың бірі, ауданаралық аурухананың бас мейірбикесі Тұрғаш Данеева жұқпалы індетке байланысты карантинге алынған адамдардың жағдайын, ем-домын жасауда барлық жұмысты жүйелі үйлестіруде. Дәлірек айтсақ, қазіргі таңда барлық медицина қызметкерлерінің сақтық шараларына жете мән беруі, олардың арнайы киімдермен және басқа да жабдықтармен қамтылуы, уақытылы тамақтануы, басқа да ұйымдастыру мәселелері Тұрғаш Амангелдіқызына жүктелген. Оның үйіне қайтпағанына да 20 күннен асыпты.

Медицина саласына бала кезден қызықтым. Содан ба екен 27 жыл бойы шаршамай, талмай жұмыс істеп келе жатырмын. Қазір осы салада жақсылық, жетістік мол болса деймін. Қанша дегенмен адамның денсаулығын қорғайды, өмірін сақтайды. Ал бүгінгі басты мақсат – карантин талабын тиянақты әрі сапалы орындау, кеселдің бетін қайтару. Жұмысым жауапты болғасын 24 сағат тынбай еңбек етудемін. Біз ұлт саулығын жақсарту жолында қызмет қылуға міндеттіміз, бұл біздің борышымыз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа шексіз ризамыз, бұрын-соңды бізге бұлай жасалмаған жәрдемақыларды бергізіп жатыр. Моральдық тұрғыдан да қолдау көрсетуде. Айлығымызға қосымша төленген үстеме ақыны алдық. Әріптестеріміз болып қуанып қалдық. Ақ халаттыларға барлығы сеніп артып, алғыс айтып, қолдап жатыр. Осының бәрі бізге қуат береді, дертке шалдыққандарды тезірек емдеп, аман есен үйлеріне қайтарсақ, біздің жеңісіміз осы болмақ, – деді Тұрғаш Данеева.

Ал дәрігер-реабилитолог Ақерке Дайрабаева Жаңақорған ауданаралық ауруханасында 2014 жылдан бері еңбек етеді. Ол да індет жұқтырғандарды емдеуге атсалысып жатыр. Үйіне бармағанына 20 күндей болды.

Жұмыс барысында науқастармен, карантинге алынғандармен байланыста болдық. Сондықтан бізге әзір үйге қайтуға болмайды. Кезінде осы мамандықты жан-дүниеммен қалап таңдадым. Оған еш өкінбеймін де. Өйткені, елге қызмет ету, ыстық ықыласына бөлену – менің азаматтық борышым деп білемін. Жақында Мемлекет басшысы індетпен күресіп жатқан медицина қызметкерлеріне қаржылай көмек көрсету туралы шешім қабылдаған болатын. Осыған сәйкес, айлығымызға қосымша наурыз айындағы үш күнгі еңбекақымызға үстеме ақы төленді. Мұны біз де өз отбасымызбен ақылдаса отырып, өз қажеттілігімізге жұмсайтын боламыз. Еңбегімізді елеп-ескеріп жатқан ел президентіне, ел басқарып отырған басқа да билік құрылымдарына денсаулық саласы қызметкерлерінің ризашылығын жеткізгім келеді. Бұл індет шындығында да біз ойлағаннан да ауыр, аса қауіпті індет. Сондықтан тұрғындардан сақтық шараларына қаттырақ мән беру керектігін жеткізгім келеді. Ауырмаңыздар, біз сіздер үшін қызмет етеміз, – дейді дәрігер А.Дайрабаева.

Сырдария аудандық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімінің дәрігері болып қызмет атқаратын Гүлжан Евниева да үстеме ақы алды. Наурыз айынан бастап коронавирус инфекциясының алдын алу, науқастарды емдеу мақсатында әріптестерімен жұмыла жұмыс істеуде.

Медицина саласындағы еңбек өтілім – 7 жыл. Жұқпалы аурулар бөлімінде 2 жыл болды. Дәрігер – ең жауапты мамандықтардың бірі. Біз үстеме ақы алу үшін емес, халықтың денсаулығын жақсарту үшін тер төгеміз. Десек те мемлекеттің қолдауына дән риза болдық. Риясыз еңбекті елегендік деп түсінемін. Үстемақыны отбасымызға, жақсылығымызға жұмсадық. Осындай жағдайды жасаған Мемлекет басшысына, облыс әкімдігіне, денсаулық сақтау басқармасының басшылығына алғысымызды айтамыз. Ал төтенше жағдай кезінде халықты үйден шықпай, сақтық шараларын орындауға, инфекциянын алдын алуға шақырамын, – деді дәрігер.

Айта кетейік, Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қазіргі таңда қауіпті індетпен күреске тартылған 366 қызметкердің есепшоттарына 54,3 миллион теңге аударылды. Ал сәуірде толық айға төленетіндіктен бұл қаржы бірнеше есе өседі деп болжануда.

Өзгелердің жаңалығы