Арыстықтарға тамыз айының басында өтемақы беріле бастайды

10 Шілде 2019, 00:19
2088
Бөлісу:
Арыстықтарға тамыз айының басында өтемақы беріле бастайды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстары бойынша облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің төрағалығымен өткен жиында белгілі болды.

Аймақ басшысының баспасөз қызметінен хабарлағандай, барлық секторда құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің бірінші орынбасары Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, арасында жоспардан кешіккендеріне, жұмыс күші жетпей жатқан облыстарға тиісті ескертулер беріліп, жұмыс толық бақылауға алынған.

Сонымен қатар, вице-министр құрылыс аумағында мердігерлер мен жұмысшыларды көбейту керектігін де атап өтті.

Қала және қала маңынан 20 шақырым аумақта әскерилер тексеру, тазалау жұмыстарын жалғастыруда. Арнайы тікұшақпен де мониторинг жасап жүрген әскерилер оқ-дәрі тазаланғанын, жарылыс қаупі жоқ екеніне көз жеткізген.

«42 топтан құралған саперлар күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Тұрғындардың шақыртуларына да жедел жететін кезекшілер ұйымдастырылған», - деді ҚР Қорғаныс министрілігің өкілі Руслан Шпекбаев.

Түркістан облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Әбдіғани Сейдуалиевтің айтуынша, қала қауіпсіздігі мен тыныштығын 300-ден астам полицей күзетуде. 17 сектордың бәрінде тәртіп сақшылары кезекшілік жасауда.

Ал, Түркістан облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Ербол Ахметов қалада құрылыс және жөндеу жұмыстары басталып кеткенін мәлімдеді.

Сонымен қатар, облыстық қаржы басқармасының басшысы Арман Тасыбаев 100 мың теңге өтемақыға құжат тапсырғандар саны 99 пайыздан асқанын жеткізді.

«Таяуда 100 пайызға жетеді. Себебі бұл бағытта жұмыс ойдағыдай жүріп жатыр. Құжаттар тексерілген соң тамыз айының басында тұрғындарға өтемақы беріле бастайды», - деді ол.

Түркістан  облыстық емханасының бас дәрігері  Марат Пашимов жарылыс салдарынан зардап шеккен 65 науқас жазылып, ауруханадан шыққанын айтса, облыс әкімінің кеңесшісі Ұласбек Сәдібеков барлық секторларда тұрғындардың талап-тілегі тыңдалып, 800-ге жуық жергілікті белсенді, ел ағалары мен үкіметтік емес ұйым мүшелері гуманитарлық және өзге де көмектерді ұйымдастыру шараларына тартылғанын жеткізді. Тұрғындар үшін жәрмеңкелер да жалғасын таппақ.

«Қаланы тиімді басқару және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау үшін 17 секторды болашақта да қалдыру керек. Сонымен бірге құрылысты кешеуілдетіп жатқан секторларда жұмысты ширатуды тапсырамын», - деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев.



Өзгелердің жаңалығы