Арыстағы жарылыс. Жедел жәрдем бригадалары сақадай сай - ДСМ

25 Маусым 2019, 17:01
2130
Бөлісу:
Арыстағы жарылыс. Жедел жәрдем бригадалары сақадай сай - ДСМ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев қазір жедел жәрдем бригадалары сақадай сай екенін айтты.

«Қазіргі таңда 165 адам медициналық көмекке жүгінді. Олардың 75 медициналық көмек көрсетілгеннен кейін амбулаторлық емдеуге жөнелтілсе, 89 пациент стационарлық емдеуге жіберілді. Жан сақтау бөлімдерінде 15 пациент жатыр. Науқастардың көпшілігі Шымкент қаласының ауруханаларында ем қабылдауда. Қалған пациенттер Түркістан облысының орталық аудандық ауруханаларына орналастырылған», - деді Олжас Әбішев арнайы брифингте.

Вице-министрдің айтуынша, медициналық көмек көрсету үшін Арыс қаласы, Ордабасы ауданы, Түркістан, Кентау мен Шымкент қалаларының 22 жедел жәрдем бригадасы дайын тұр. Қосымша 4 бригада Жамбыл облысынан бағытталды. Жамбыл және Қызылорда облыстарының тағы 12 бригадасы сақадай сай. Түрлі сала дәрігерлері бар 2 санитарлық авиация бригадасы да консультативтік көмек көрсету үшін Алматыдан Шымкентке жөнелтілді.

«Бүгінгі таңда мамандар ауыр халдегі пациенттердің барлығына консультативтік көмек көрсетті. Біреуіне сол жерде ота жасалды. Жедел тасымалдау үшін 2 санитарлық авиация түкұшағы дайын тұр. Олар медициналық құралдармен жабдықталған, мобильді тобы да бар. Қазіргі кезде Денсаулық сақтау министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар төтенше жағдайдан зардап шеккендерге қажетті медициналық көмек көрсету үшін бар күшін жұмсап отыр», - деді Олжас Әбішев.


Өзгелердің жаңалығы