Арыстағы жарылыс. Кінәлілерден 97 млрд теңгеден астам қаржы өндіріп алынады

21 Қазан 2022, 10:33
936
Бөлісу:
Арыстағы жарылыс. Кінәлілерден 97 млрд теңгеден астам қаржы өндіріп алынады
Фото: Tengrinews.kz

Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі 2019 жылғы 24 маусымда Арыс қаласында оқ-дәрілердің жарылуы салдарынан келтірілген 97 млрд теңгеден астам залалды мемлекет кірісіне өндіріп алу туралы 16 жауапкерге талап қойып, сотқа жүгінді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жауапкерлер бұрынғы әскери қызметшілер. Олар қызмет барысында өрт қауіпсіздігі, оқ-дәрілерді сақтау, өткізу және кәдеге жарату, техникалық бақылау үшін жауапты болған. Бір жауапкер күзет-өрт дабылын орнатуды жүзеге асырған жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы.

Оқ-дәрі жарылысындағы барлық жауапкердің кінәсі Шымкент гарнизоны әскери сотының заңды күшіне енген 2019 жылғы 24 маусымдағы үкімімен анықталды.

Осы үкіммен министрліктің мүліктік талаптарының азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен қанағаттандырылуына құқылы екені танылды.

Талапкердің талабы жарылыстың кесірінен мемлекетке Қарулы Күштерінің, 44859 әскери бөлімнің, 16752 әскери бөлімнің, 74884 әскери бөлімнің балансындағы ғимараттарға, құрылыстарды, инфрақұрылымды бұзу, оқ-дәрілерді жою түрінде мүліктік залал келтірілуімен  негізделді.  

Сот тағайындаған сот-экономикалық сараптамасының қорытындысына сәйкес залалдың жалпы сомасы 96 373 286 573, 37 теңге, - делінген хабарламада.

Азаматтық кодексінің 932-бабында бірлесіп келтірілген зиян үшін жауапкершілік көзделген. Бірлесіп зиян келтірген адамдар жәбірленушінің алдында бірлесіп жауап береді.

Сот анықталған жағдайларды ескере отырып, қойылған талапты қанағаттандыру туралы тұжырымға келді.

Астана қаласы Есіл аудандық сотының 2022 жылғы 19 қазандағы шешімімен жауапкерлерден мемлекет кірісіне сот сараптамасына сәйкес залал мен сот шығындары ортақ тәртіппен өндірілді.

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.

Өзгелердің жаңалығы