Арыстағы вагон өрті: ТЖД оқиғаның мән-жайы туралы ақпарат берді

7 Тамыз 2021, 05:25
1788
Бөлісу:
Арыстағы вагон өрті: ТЖД оқиғаның мән-жайы туралы ақпарат берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін сағат 16:25-те Түркістан облысы Арыс теміржол станциясының диспетчерінен «Асса станциясы – Жамбыл облысы – Түркістан облысының Арыс станциясы» бағытындағы жүк пойызының вагонынан түтін шығып жатқаны туралы хабар келіп түскен.

Түтін 64 вагон тіркелген пойыздың №54 вагонынан шыққан. Ондағы жүк «Қазфасфат» ЖШС ресейлік кәсіпорынға жөнелткен сары фосфор екені анықталды. Жүк 20 тонналық контейнерге тиелген. Оның нақты көлемі есептеліп жатыр. Оқиға орнында жедел штаб құрылып, жергілікті әкімдік шағын аудан тұрғындарын эвакуациялау туралы шешім қабылдаған, – делінген ТЖД хабарламасында.
Төтенше жағдай қызметінің мәліметінше, сағат 19:22-де өрт оқшауланып, беті қайтқан. Төтенше жағдайды жоюға департаменттің 35 қызметкері мен 6 техникасы, «ҚТЖ»-ның 11 қызметкері, 1 техникасы және өрт пойызы, 60 полиция қызметкері мен 9 техника, 8 әскери қызметші мен 2 әскери техника, эпидемиологиялық бақылау басқармасының 3 қызметкері мен бір санитарлық техникасы тартылған.
Арыс қаласының Наурыз шағынауданында (халық саны 4 мыңға жуық) және Хлопком кентінде (халық саны 6 мыңға жуық) 4 эвакуациялық пункт ұйымдастырылды. 4 мектеп ғимаратында 8 мың орын әзірленді. Эвакуацияланғандардың саны нақтылануда, көбі туыстарының үйін паналап жатыр. Сағат 20:30-дағы жағдай бойынша, жедел штабтың шұғыл желісіне ақпараттық сипаттағы 2 қоңырау келіп түсті. Зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ, – делінген ресми ақпаратта.
Өзгелердің жаңалығы