Арыста тұрғын үйлерді қалпына келтіру басталды

1 Шілде 2019, 19:55
1426
Бөлісу:
Арыста тұрғын үйлерді қалпына келтіру басталды

Түркістан, BAQ.KZ. Арыс қаласында әскери полигондағы жарылыстың соққы толқынынан зақымдалған үйлерді қалпына келтіру жұмыстары басталды. Бүгінгі таңда 247 жеке үй жөнделіп жатыр.

"Өткен аптада Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев бастаған жұмыс тобы техникалық тексеру жүргізіп, Арыс қаласында үйлердің, ғимараттар мен құрылыстардың зақымдану дәрежесін анықтады" - делінген министрлік таратқан ақпаратта.

Сапар барысында Комитет басшылығы мен мамандары арасынан құралған комиссия Арыс қаласындағы барлық үйлердің 85% жөндеу және қалпына келтіруді талап ететінін анықтады. 752 жұмысшының қатысуымен 80-нен астам құрылыс компаниясы жөндеу жұмыстарын бастады.

Елбасының және Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша барлық бүлінген және бұзылған объектілер 2019 жылдың 1 тамызына дейін қалпына келтірілуі тиіс. Естеріңізге сала кетейік, Түркістан облысының әкімдігі Арысты 17 секторға бөлді. Осылайша, елдің әрбір аймағы  және Республикалық маңызы бар қалалар бекітілген учаскелерге құрылысшылар бригадасын жіберіп, қаланы қалпына келтіруге қатысады.

Өзгелердің жаңалығы