Арыс аудандық полиция қызметкерлері балаларға қуаныш сыйлады

16 Желтоқсан 2020, 19:55
2199
Бөлісу:
 Арыс аудандық полиция қызметкерлері балаларға қуаныш сыйлады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысы Полиция департаментіне қарасты Арыс аудандық полиция бөлімінің басшысы полиция полковнигі Нұрлан Исабеков пен оның орынбасары полиция подполковнигі Қылышбек Жетібаев Тәуелсіздік мерекесіне орай жекеқұрам атынан жетім балаларды мерекелерімен құттықтап қайтты. 

Аудандық полиция қызметкерлері өз еріктерімен шама шарқынша қаржыларын жинақтап бір ауыздан балалардың білім алуына қажетті соңғы үлгідегі ноутбук пен планшетті тарту етті. Тәртіп сақшыларының сыйлығына балалар алдын ала дайындаған іс шараларын ұйымдастырып, өнерлерін ортаға салды. Патриот әндерді шырқап, мың бұрала би биледі. Шара соңында ауданның полиция басшысымен әңгімелесіп, балалар армандарын айтып, алға қойған мақсаттарымен бөлісті. Бірі ел қорғаны боламын десе, енді бірі елімді әлемге әйгілі етемін деп ағынан жарылды. 

Жалпы өңір полицейлерімен аз қамтылған,тұрмысы төмен,ерекше балалар мен көпбалалы отбасыларға ай сайын қайырымдылық шаралары ұйымдастырылып,көмек көрсетіліп тұрады. Оған қоса қызмет барысында қаза болған сақшылардың отбасына арнайы барып, хал жағдайларын біліп кездесу, сый-сияпаттар табыстау дәстүрге айналған. 

Қайырымдылық ол қайырлы іс демекші, аудан полицейлері өз қызметтерінен бөлек қайырымдылық шараларын жиі жасауды ешқашан естен шығарған емес. Қайта жылдан жылға игі іс шаралар ауқымын арттырып, халыққа жанашыр әрі қамқор болуды мықтап қолға алған. Полиция полковнигі Нұрлан Исабековтің айтуынша, мұндай шаралар мейлінше жиі өткізілуі қажет: 

Біз өз өңіріміздегі көмекке мұқтаж жандардың тізімін учаскелік полицейлерден алып, әр қызметкер ерікті түрде айлығынан ақшасының бір бөлігін беріп, жиналған қаржыға қажетті азық түліктер алып, тиісті отбасыларға үлестіреміз. Бұл үрдісті уақыт өткен сайын жиілетіп келеміз. Өйткені бүгінде жанашыр полицейлер қатары жылдан жылға көбеюде. Яғни біздің мақсат заттай сыйлық табыстау емес, тағдырдың тәлкегіне түскен балаларға мейірім пен қуаныш сыйлау. Өз тарапымыздан мүмкіндігінше қамқорлық таныту. Айтулы мереке қарсаңында Арыс қаласы Т. Тәжібаев атындағы отбасы үлгісіндегі балалар ауылы КММ-ге барып, оларды қуантып қайттық. Бұл мекеменің түлектерінің біразы академияда білім алып, болашақта полицей боламыз деп бекінген. Сондықтан біздің бөлім оларды асыға күтеді. Оларды еліміз үшін адал қызмет етуге шақырамыз! Құрметті еліміздің тұрғындары, баршаңызды Арыс АПБ атынан шын жүректен мерекемен құттықтаймын! Тәуелсіздік мерекесі құтты болсын!, -деп жылы лебізі мен ақ жарма тілегін жеткізді аудандық полиция бөлімінің басшысы Исабеков. 

Біз де өз кезегінде балаларды қуантып, мерекелік көтеріңкі көңіл күй сыйлаған сақшыларға абыройларыңыз артып, адал қызмет ете беріңіздер дейміз. Жетім көрсе жебей жүретін жанашыр жандар қатары көбейе берсін. 

Өзгелердің жаңалығы