Арыс қаласында Жамбыл облысына тиесілі 50 үй жөнделді

19 Шілде 2019, 01:58
1955
Бөлісу:
Арыс қаласында Жамбыл облысына тиесілі 50 үй жөнделді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.  Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов Арыс қаласына арнайы келді, деп хабарлайды Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Ол Жамбыл облысы жауапты болып бекітілген 3-сектордағы қаланы қалпына келтіру барысын көзбен көріп,  11 көшенің белсенді тұрғындармен кездесті. Штаб мүшелері мен жұмысшыларға жөндеу  жұмыстарын уақытылы әрі сапалы атқару керектігін айтты. Өз кезегінде 3-сектор аумағындағы арыстық тұрғындар әулиеаталық құрылысшылардың жұмысына көңілдері толатындарын жеткізіп, алғыстарын білдірді.

«Бүгінде Жамбыл облысына тиесілі 3-сектордағы 50 жеке тұрғын үйдің жөндеу жұмыстары толық аяқталды.Қазіргі таңда 3-сектор аумағындағы қалпына келтіру шараларына жамбылдық 4 құрылыс компаниясының 450-ден астам құрылысшысы мен 21 теxникасы жұмылдырылған. Олар 242 жеке тұрғын үй бойынша жөндеу жұмыстарын жүргізуде»,-делінген хабарламада.

Жалпы Жамбыл облысының штабына қарасты 3-секторға 11 көше бекітілген. Онда 312 жеке тұрғын үймен бірге 14 әлеуметтік және коммерциялық нысан бар.  Қираған 3 үйдің екеуі қайта салынып, біреуі толық жөнделеді. Қалған 309 үйге әртүрлі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Қажетті құрылыс материалдары күн сайын жеткізілуде.

Қазіргі таңда Арыстың 300-ден астам оқушысы Жамбыл облысындағы демалыс орындарында тынығып жатыр.  Көрші облыстан гуманитарлық көмек те жеткізілген.

 

Өзгелердің жаңалығы