Артық лицензиясы бар, студент саны аз университет анықталды

8 Қазан 2020, 17:05
2395
Бөлісу:
Артық лицензиясы бар, студент саны аз университет анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Тексеру барысында талаптарға сай келмейтін 10-ға жуық университет анықталды.

Бұл туралы ОКҚ-да білім сапасын арттыру туралы өткен онлайн брифингте Қазақстан университеттері қауымдастығының президенті Рахман Алшанов айтты.

Соңғы жылдары еліміз сапаға қатты көңіл бөліп отыр. Өзгертілген заңға сәйкес ЖОО құзырына біраз мүмкіншілік алды. Қазіргі таңда ЖОО-лар оқу бағдарламаларын өздері жасайды. Оқу орындарынан бәсекеге қабілетті болу үшін ЖОО-ларды бірнеше категорияға бөлу керек деген ұсыныс түсіп жатыр. Осы ретте Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың басқаруымен комиссия жұмыс істеп жатыр, - деді Рахман Алшанов.

Оның сөзінше, елімізде халықаралық университеттерге толығымен еркіндік беру мәселесі көтеріліп жатыр. 

Мысалы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бар. Олар қазір биіктерден көрініп жүрген университеттердің бірі. Дегенмен, оларды қайта-қайта тексермей-ақ, зерттеу институттары дәрежесіне көтеріп, қосымша қаржы бөліп, шетелдік студенттерді көбірек шақыру керек. Сонымен қатар, байланысты нығайтып, ғылым саласына шыққан жетістіктерін өндіріске жеткізу. Осындай маңызды мәселелер тұр. Өкінішке қарай, еліміздегі 130-дан астам университетке тексеру жүргізілгенде талаптарға сай келмейтін 10-ға жуық университет анықталды. Кей университетте артық 45-ке жуық лицензия бар. Олардың жартысында оқитын студенттер саны 2-3 адам ғана. Ол қандай оқу? Мардымсыз оқу емес пе?! Осыған байланысты біршама университет лицензиясы қайтарылды. Заңға енгізілген өзгеріске байланысты университеттерге жұмыс істеуге мүмкіншілік берілді. Яғни, бұрын олар тек университет дәрежесінде болды. Себебі, көбінде магистратура, докторантура болмады. Қазір университеттерге институт, академия дәрежесін алу ұсынылды, - деп атап өтті Қазақстан университеттері қауымдастығының президенті брифингте.

Рахман Алшанов атап өткендей, пандемия кезеңінде елімізде дамитын салалар бар.

Өзгелердің жаңалығы