ArtSport: берері мол жоба ма?

6 Қыркүйек 2022, 16:20
1689
Бөлісу:
ArtSport: берері мол жоба ма?

Спорт секциялары мен шығармашылық үйірмесіне келген әр баланы қамтитын ArtSport бастамасы бірден кең таралған еді, деп хабарлайды Шымкенттегі BAQ.KZ тілшісі.

4-47 жас аралығындағы балалардың уақытты құр кетірмей, пайдалы іспен шғылдануына жол ашқан болатын. Алайда бір жарым жыл өткенде ArtSport-қа қатысты түрлі дау-дамайлар туындай бастады.  Атап айтқанда, реформаға қажет функционалдылық жоқ, жергілікті бюджеттер бағдарламаны кешіктіріп қаржыландырады деген сөз көбейді. Ал Шымкенттің тиісті басқармасының басшылығы тіпті ArtSport қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді.

Нәтижесінде үкімет бағдарламаға бірқатар өзгерістер енгізуді жоспарлап отыр. ArtSportEdu жеткізушілер қауымдастығының негізін қалаушылардың бірі Гүлжан Түсибиянова бағдарламаға қатысып жүрген балалар, ата-аналар және жүзеге асырушылар оны қалай қабылдайтыны туралы баяндады.

– ArtSport аз ғана уақыт жұмыс істесе де, біраз шу шықты. Билік жолдамалардың санын азайтып, платформаны өзгертіп, бағдарламаға басқа да өзгерістер енгізгенде нені басшылыққа алады деп ойлайсыз?

– Мойындау, өзінің бірегейлігі мен құндылығына қарамастан, ArtSport іске қосылғаннан бері проблемасы көп болды. Жабдықтаушылар платформада жұмыс істей бастаған алғашқы айлардан-ақ қиындыққа тап болды, атқарылған жұмыс туралы есеп бере алмады. Бағдарлама асығыс жазылған сияқты әсер қалды. Кем дегенде бір жыл платформаны сынақтан өткізіп, кемшіліктерді жою қажет еді. Менің ойымша, сол кезде жүзеге асырушылар мен жергілікті атқарушы органдардың, Мәдениет және спорт министрлігінің арасындағы көптеген келіспеушіліктердің алдын алуға болар еді.

Ваучерлерге келер болсақ, бір қолға екі ваучер беру – тым артық болады. Іс жүзінде ол балаға таңдау жасауға мүмкіндік беретін еді, олардың да қателесуге құқы бар ғой. Бала өзін қай салада мықты көрсететінін, жетістікке жете алатынын алдын ала ешкім білмейді. Қазір енді бала жалғыз ваучерден бас тартса, кезектің соңына сырғып, басқа үйірмеге баратын уақытта шамамен бір жыл бойы күтуге мәжбүр. 

– Биліктің жеткізушілерге қойылатын талаптарды қатайтуға қатысты негізгі дәлелдерінің бірі – «өлі жандар» деп аталатындар. Сіздің ойыңызша бұл қаншалықты негізді? ArtSport шынымен жосықсыз жеткізушілер үшін манипуляция құралына айналу қаупі бар ма?

– «Өлі жандар» – көптеген мемлекеттік бағдарламалардың дерті. Мысалы, ArtSport-қа дейін денсаулық сақтау саласында осындай проблемалар болған. Мен біздің бизнесте жосықсыз жеткізушілер бар екенін жоққа шығармаймын, бірақ жекелеген жағдайлар бүкіл реформаға кір келтірмеуі керек. Құқық бұзушылықтарды анықтау және алдын алу – құқық қорғау органдарының жұмысы, ол тиісті тәртіпте жүргізілуге тиіс. Жеткізушілерді қорқытып-үркітумен проблема шешілмейді.  Біз, жеткізушілер қауымдастығы, тек жосықсыз ойыншылармен күресуді қолдаймыз.

– Сіздің ойыңызша, бұл реформаның болашағы қандай? Оны 5-10 жылдан кейін қандай болғанын қалар едіңіз? 

– ArtSport – Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең үздік мемлекеттік бағдарлама. Оның арқасында біз балаларды дамытып, денсаулығын нығайтып, талай отбасыға көмектесеміз. Реформаның әсері жылдар өткен сайын арта бермек. Басты тілегім - ArtSport-ты мәңгілікке қалдыру.

– Қауымдастық бүгінде алдына қандай мақсат қойып отыр? Сіздер жергілікті биліктен не сұрайсыздар?

– Қауымдастықтың құрылған мақсаттары туралы айтатын болсақ, бұл, ең алдымен, билік пен жеткізушілер арасында байланысты орнату, балалардың, ата-аналардың және жеткізушілердің өздерінің құқықтарын қорғау.

Қазіргі таңда біздің күш-жігеріміз жергілікті атқарушы органдардың бағдарлама бюджетін қазіргідей үш айда бір рет емес, дұрыс қалыптастыруын және жеткізушілердің құқықтық-нормативтік актіге сәйкес қаржыландыруын қамтамасыз етуге бағытталған. Ағымдағы жағдайлар жалақыны, жалдау ақысын, салықты және тағы да басқаларын төлеуге тиіс жеткізушілерге қатты әсер етеді.

Алдағы уақытта бағдарламаның сапасына іштен қомақты үлес қосуды жоспарлап отырмыз. Атап айтқанда, : түрлі формада оқыту арқылы тренерлер мен мұғалімдердің біліктілігін арттырғымыз келеді. Сонымен қатар, балалар арасында республикалық деңгейдегі фестивальдар мен байқаулар өткізуді жоспарлап отырмыз. Билік бізді қолдайды деп сенемін. Жалпы, жоспар көп, жұмысты жалғастырамыз.

Өзгелердің жаңалығы