Профессионалдар. Стюардесса

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Кішкентай кезінде стюардесса болуды армандамайтын қыз кем де кем шығар. Ақша бұлттардың үстімен ұшып, ел-жер аралау кімге болсын ұнайтыны анық. Ұшып-қону, жаңа қала, жаңа жолаушылар – стюардесса өмірінің бір бөлшегі. «SCAT» әуе компаниясының стюардессасы Әйгерім Қоржанбаева жұмыс барысы қалай өтетіні туралы айтып берді.

BAQ.KZ: Стюардесса болып жүргеніңізге қанша уақыт болды?

Әйгерім Қоржанбаева: Стюардесса болып жүргеніме 4 жыл болды. Жұмысым көңілімнен шығады. Осы жұмыстың арқасында көптеген елге барып, жаңа қалаларды көреміз. Күн сайын жолаушылар да өзгеріп отырады.
Профессионалдар. Стюардесса


BAQ.KZ: Биіктіктен қорқатын жолаушылар болады. Оларға қалай көмек көрсетесіздер?

Әйгерім Қоржанбаева: Борт ішіне кірген адамның қорқып тұрғаны көзінен, іс-қимылдарынан көрініп тұрады. Мысалы, қорқып тұрған жолаушы әлдекімнің қолынан ұстауға, әлденеге сүйеніп тұруға ұмтылады. Сусын үлестіріп жүрген кезде де көздерінен қорқып тұрғандары көрінеді. Ондай жағдайда қасына барып, қалын сұрап, қорқатын ештеңе жоқ екенін айтып, әңгімелесеміз.

BAQ.KZ: Апатты жағдайда қонған, өмірлеріңізге қауіп төнген жағдайлар болды ма?

Әйгерім Қоржанбаева: Ондай жағдай болған жоқ. Бірде Астана – Қытай бағытында ұшқан кезде ауа райы қолайсыз болды: жаңбыр жауып, күн күркіреді. Түн ішінде иллюминатордан найзағайдың жарқылын көрдім. Бір жағынан көңілге қорқыныш ұялатса, бір жағынан өте ерекше көрініс.

Профессионалдар. Стюардесса


BAQ.KZ: Жолаушылардың денсаулық жағдайы нашарлап кеткенде кім көмектеседі?

Әйгерім Қоржанбаева: Бірде Анталия әуежайында жолаушылардың бірі өзін жаман сезініп, ұшқан кезде эпилепсиясы ұстады. Ұшақтағы жолаушылардың бірі дәрігер болып шығып, алғашқы көмек көрсетті. Борт ішінде дәрі-дәрмек, медициналық құралдары бар қобдиша болады, қажет жағдайда соның ішінен керек затты аламыз. Ең қызығы, қай бағытқа ұшсақ та ұшақта міндетті түрде дәрігер немесе фармацевт болады.

BAQ.KZ: Стюардесса жұмысына неше жастан бастап қабылдайды?

Әйгерім Қоржанбаева: Бұл жұмысқа 18-25 жас аралығындағы қыздарды қабылдайды. Уақыт өте келе №1 бригадир, нұсқаушы, инспектор жұмысына ауысуға болады.

BAQ.KZ: Мейрам күндері ұшақта болған кездеріңіз жиі болды ма?

Әйгерім Қоржанбаева: Мейрам күндерін шетелде қарсы алған, ұшақта болған кездерім болды. 8 наурыз – халықаралық әйелдер күні мерекесінде ұжымда ер адамдар жұмыс істеп, бізді демалдыруы мүмкін. Бұл мерекеде жолаушыларға да жақсы көңіл-күй сыйлауға тырысамыз. Мысалы, астанадан Алматыға 120 адам ұшса, оның 80-і әйел екенін алдын ала анықтап, олардың бәріне кішігірім сыйлық жасаймыз. Жолаушылардың қуанғаны үшін өзіміз де қуанып қаламыз.

Профессионалдар. Стюардесса


BAQ.KZ: Ұшып-қонғанша жымиып, жолаушыларға қызмет етесіздер. Өздеріңіз шаршап тұрғандарыңызды білдіртпеу қаншалықты қиын?

Әйгерім Қоржанбаева: Басқа мемлекетке барған кезде күн мен түніміз ауысып, ұйқы режимі бұзылып кетеді. Шаршап тұрсақ та, көңілсіз болсақ та жолаушыларға білдірмеуіміз керек. Біздің міндет – оларды жымия қарсы алып, жымия шығарып салып, керек кезде сусындарын, тәтті-дәмділерін үлестіріп, қызмет ету. Өз басым осы жұмысты жақсы көретіндіктен, маған қойылған міндет болғандықтан ғана емес, жалпы өзім көңілді жүремін.

BAQ.KZ: Сұқбатыңыз үшін рақмет!


© baq.kz, 2019. Автор: Зарина Қаһарман

Материалды ешқандай формада көшіруге болмайды. Автор және меншік иесі тарапынан болатын претензияларда -  көшірме зардабынан жоғалған қаржылай шығындар қосымша көрсетіледі.

Загрузка...

Сізден жаңалық