Корей түбегіндегі экономикалық қатынасты жергілікті вице-губернатор айтып берді

Хва Ли мырза, өзіңіздің провинцияңыз туралы айтып берсеңіз.

Мен Оңтүстік Кореядағы Кенгидо провинциясының вице-губернаторы Hwa Young Lee боламын. Әлем және Солтүстік пен Оңтүстік Корея арасындағы ынтымақтастыққа байланысты жобалармен айналысамын. Біздің провинцияда 13 млн халық тұрады. Ел экономикасының жалпы көлемінен 25% құрап отырмыз. Кореяда екі провинция арқылы Солтүстікке шекара бар. Олар – Канвандо және біздің Кенгидо. Бірақ біздің провинциямызда адам көп және автомагистраль да біз арқылы өтеді.

Кореяаралық саммит өткен ДМЗ аймағы да біздің провинциямызда орналасқан. Солтүстік Кореямен ең жақын қашықтық 1 шақырым – Канвандо қаласы мен Кепун уезіде осында. Яғни Кенгидо – солтүстікке ең жақын провинция. Біздің екіжақты қарым-қатынас жақсарса, онда Кенгидо провинциясының маңызы жоғары болады.

Вице-губернатор ретінде мен қазір Солтүстік Кореямен келіссөздер жүргізіп жатырмын. Бірнеше рет Пхенъянға бардым. Қытайда да солтүстіккореялық өкілдермен көп келіссөз жүргіздік. Өздеріңіз білетіндей, АҚШ пен Солтүстік Корея басшыларының келіссөзі сәтсіз аяқталды. Енді біз АҚШ пен БҰҰ-ның Солтүстік Кореяға қойған санкцияларынан кейін экономикалық тұрғыдан ешқандай келіссөзді алға жылжыта алмай отырмыз. Өкінішті.

20190322162923_2019_KOCIS_01_SPH_2916.jpg
Сонда Пхенъян тарапы сіздердің ынтымақтастық туралы келіссөзіңізді қабылдауға дайын ғой?

Иә, олар мұндай мүмкіндікке қуана-қуана келіседі. Солтүстік Кореяға Оңтүстік Кореяның гуманитарлық көмегі көп екенін біледі. Дегенмен олар ортақ жұмыс істеуге дайын. Оңтүстік Кореяның капиталы арқылы өздерінде жұмыс орнын ашқысы келеді. Біздің технологиямыз бен тәжірибемізді үйренгісі келеді.

Сіздің провинция Солтүстік Кореяға қанша инвестиция құймақ?

Иә, біз капиталымызды инвестиция ретінде құюға дайынбыз. Шамамен бұл – 2 млрд доллар. Біздің қалалық кеңестің шешімімен 35 млрд вон (шамамен 3 млн доллар) инвестиция ретінде бюджеттен бөлініп қойды. Нақты айтқанда, Солтүстік Корея біздің ағаш отырғызу, соя майын шығаратын зауыт құрылысы, мал шаруашылығы – тауық, шошқа, сиыр өсіру секілді бағытқа инвестиция бергенімізді қалайды, сонымен қатар олар ғылым мен техниканың дамығанын көре отырып, Төртінші индустриалды революцияның технологияларын меңгергісі келеді. Тағы смартфарм мен смартсити жобаларымызды басшылыққа ала отырып, өздеріне енгізуді қалайды. Олар көбіне ауыл шаруашылығына қатты ден қойып отыр, сол себепті ортақ фермерлер одағын құрғысы келеді.

Смартфам дегенге тоқталсам. Біз көкөністің кейбір түрі мен сұрпын тиімді әрі тез өсіру технологиясын білеміз. Сондықтан бұл салада Орталық Азия, оның ішінде Қазақстанмен де тығыз байланысты жұмыс істейміз. Ауыл шаруашылығындағы мұндай технологияны қазір баяу дамытып жатырмыз. Себебі шаруалар әзірге жұмыссыз қалуға дайын емес. Солтүстік Кореяда смартфам аясында қызанақ өсіруді эксперимент ретінде қолданып көрмекпіз. Қызанақтың 1000 тоннасын өсіріп, Қазақстанға экспорттауға болады.

20190322161533_2019_KOCIS_01_SPH_2870.jpg
Бұған дейін сұхбаттарда (пресс-тур барысындағы сұхбаттар – автор) екі ел арасындағы әскери қатынас туралы көп айтып едік. Бүгін сізбен екіжақты байланыстың мүлдем басқа қырын көріп отырмын.

Қазір солтүстіккореялықтар тұрғындардың өмір сүру жағдайын түбегейлі өзгертуді қалайды. Олар денуклеризациялау негізінде колхоздар құрғуды көздеп отыр. 500 ауыл шаруашылық үйін құруды жоспарлайды. Осылайша ауыл шаруашылығынан түскен табыстан балабақша, мектеп салу сияқты жобаларды Кенгидо провинциясы арқылы іске асыруды көздейді. Дегенмен Солтүстік Корея өзінің биліктегі жүйесін сақтай отырып, халық жағдайын жақсартқысы келеді.

Яғни, олар өзгеріске дайын ба?

Иә, олар бізбен ынтымақтастыққа дайын. Біздегі билік партиясы да Солтүстік Кореяға қолдау көрсетуге әзір.

Осындай екіжақты экономикалық қатынасты дамыту қашан басталды?

Ким Чен Ын өзінің құрамасын Пхенчхандағы Олимпиадаға (2018 жылы Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында қысқы Олимпиада ойындары) жіберу шешімін қабылдағаннан кейін атмосфера өзгерді. Достық қатынас «көріне бастады». Оның үстіне екі елдің президенті кездесіп, бұл байланысты нығайтуға қадам жасады. Тек әлемдік қауымдастық, АҚШ пен БҰҰ-ның санкциялары кедергі болып тұр. Енді біз не істесек болады деп ойланып отырмыз. Басқа шараларды қолға алу керек пе? Осы жағын қарастырып жатырмыз.

Екі ел арасындағы өте қайғылы тарихи жағдайлар бар. Мысалға, 5 жыл бұрын Батыс теңізде екі Корея арасында қақтығыста бірнеше әскер қайтыс болды. Енді уақыт өте келе жағдай оңына қарай ығысты. Қазір сол Батыс теңізінде балық аулауды реттегіміз келеді.

Сонымен қатар, солтүстіктегі тауларға ағаш отырғызу үшін көшет жіберуді жоспарладық.

Қос Корея арасындағы ең маңызды жоба – магистральді іске қосу. Егер оңтүстік пен солтүстік магистралі қосылса, онда Пусаннан Берлинге дейін пойыз арқылы жете аламыз. Бірақ дәл қазір ол БҰҰ-ның резолюциясын бұзады. Сондықтан әзірге мүмкін болмай отыр.

Сонда... Дональд Трамп пен Ким Чен Ын арасындағы саммит сәтсіз аяқталды. Енді екі жақтағы жобалар тоқтап қалды дедіңіз. Бұл жобаларды жалғастыру үшін сіздің тарап хабарласады ма, әлде солтүстік тарап жалғастырайық деген «ым» білдіреді ме? Қалай іске асады? Қай тарап сөзді бірінші бастайды?

Екі позиция да болады. «Күте тұрайық, бәрі реттеледі» деген екі ел үкіметінің позициясы бар. Сосын «егер санкцияларды бұзбайтын жобаларды жалғастыра берейік» деген позиция да бар. Дегенмен қазір солтүстік тарап қоя тұрайық деген ыңғай білдіріп отыр. Солтүстік Корея үшін түбегейлі денуклеризацияны бірден жасау қиындау. Міне, осындай кезде көршілес елдер ықпал ету керек. Оның ішінде, Ресей мен Қазақстан да бар.

IMG_9659.jpg
Тек Трамп пен Ким Чен Ын ғана емес, басқа да елдерді шақыра отырып, саммит өткізуге болмайды ма? Олар жиналып, 3 тарапқа да ыңғайлы шешімге келу жолдарын қарастырса дегендей...

Негізінде, бұл – өте қиын және маңызды сұрақ.

Басқа державалардың, оның ішінде Қытай және Ресейдің қатысуымен үлкен жиын өткізу туралы ұсыныс болды. Бірақ бұл сәтсіз аяқталды. Сондықтан Солтүстік Корея мен АҚШ өзара шешкісі келеді. Тек Ресей мен Қытай қатысуы мүмкін. Олар Солтүстік Кореяға жеңіл жолы қандай деген сияқты кеңес беруі мүмкін.

АҚШ пен Оңтүстік Корея тарапынан көпжақты елдің қатысуымен саммит өткізу мүмкіндігін ұсынылды. Астана мен Алматының халықаралық қақтығыстарды шешуде орталық болғанын білеміз. Астана процесін айтуға болады. Сол секілді формат ұсынылды. Бірақ Солтүстік Корея мұны құптамады.

Корей түбегіндегі жағдайдың оң шешім табатынына тілектеспіз. Сұхбатыңыз үшін рақмет!

BAQ.KZ ақпарат агенттігі тілшісіне Оңтүстік Кореяның Корей мәдени және ақпарат қызметі (Korean culture and information service – KOCIS) «Корей түбегіндегі ымырағы келу процесі» тақырыбына арналған арнайы пресс-тур ұйымдастырды.

Бір халық үй ішінен үй тігіп, екі бөлек мемлекет болып отыр. Олар шекарасын Демилитаризация зонасымен (Demilitarized Zone – DMZ ) межелеп алған.

Оңтүстік Корея дипломаттарды қалай дайындайды? Корея мемлекеттік ұлттық дипломатия академиясының ректоры Se Young Cho мырзамен сұхбаттастық

Korea Hana Foundation (Корей бірігу қоры) директоры Kyung Bin Goh мырзамен және бала кезінде Солтүстік Кореядан қашып келген қызбен сұхбатымызды ұсынамыз.

Оңтүстік Корея президентінің резиденциясы Көк үйден фоторепортаж.

 



Загрузка...

Сізден жаңалық