Оңтүстік Корея дипломаттарды қалай дайындайды

Оңтүстік Корея дипломаттарды қалай дайындайды

Әр елдің ең басты «қаруы» – жақсы дипломатиялық қатынас. Көршімен не алыстағы таныс-туыспен жақсы араласу үшін әр мемлекет өз принциптерін ұштастырып, «шабарманын» баптайды. Бұдан өзге, шет жұрттағы отандасын қорғайды. Біз Оңтүстік Кореяның дипломат дайындаудағы тәжірибесіне қызығып, сол елдегі пресс-тур кезінде Корея мемлекеттік ұлттық дипломатия академиясының ректоры Se Young Cho мырзамен сұхбаттастық.


Оңтүстік Корея дипломаттарды қалай дайындайды

Корея мемлекеттік ұлттық дипломатия академиясының ректоры Se Young Cho ©baq.kz


- Se Young Cho мырза, академияңыз жылына қанша маман даярлайды? Елдегі халықаралық қарым-қатынас саласына үлесі қандай?

- Біздің ұйым 1963 жылы құрылды.

Академиямыздың негізгі функциялары: білім беру және зерттеу. Білім беру бағыты бойынша айтар болсам, академиямыз білікті дипломаттарды дайындайды. Жұмысын енді-енді бастаған дипломаттарды оқытып, одан кейін жұмыс тәжірибесіне 10 жыл болғандарға түрлі салаға сай білім береміз. Сонымен қатар, елші және консулдарды басқа елдерге жібермес бұрын міндетті түрде оқытамыз. Жыл сайын 40-50 жаңа дипломатты қабылдаймыз. Жыл ішінде оларды әзірлеп, басқа мемлекеттерге дайын қылып жібере аламыз.

Сыртқы істер министрлігіндегі дипломаттардан бөлек, басқа ведомстволарда халықаралық қатынастар мен халықаралық ынтымақтастық саласында жұмыс істейтіндерді де дайындаймыз. Шетелдік дипломаттарды да оқуға шақырамыз. Сондықтан биыл дипломаттарды дайындау және оқыту үшін шамамен 31 бағдарлама дайындадық. Сол арқылы 5 000 дипломатты дайындай аламыз. Бұған дейін оқытқандардың ішінде шетелдік дипломаттардың саны аз және уақыты қысқа болды.

 Қызметтік борышын өтеу кезінде қаза болған дипломаттарға ескерткіш тақта. ©baq.kz

 Қызметтік борышын өтеу кезінде қаза болған дипломаттарға ескерткіш тақта. ©baq.kz

Академиядағы қамау-тергеу бөлмелері. Дипломаттарды осындай шынайы жағдайларда дайындайды. ©baq.kz

Бас ғимаратымыздың қасында 12 қабатты биік ғимарат бар. Оны пайдалануға рұқсатты биыл алдық. Сондықтан академиямыздың шетелдік дипломаттарды оқыту бағдарламасының аясын кеңейтіп жатырмыз. Бұл бағдарлама келесі жылдан басталады. Бағдарламаның атауы – Шығыс-Азия дипломатиясы. Мысалға, Оңтүстік Кореядағы басқа мемлекеттің елшілігінде жұмыс істейтін жас дипломатты екі күндік оқу курсына шақырамыз. Оған Кореяның дипломатиялық жүйесін түсіндіреміз.

Бұдан бөлек, екінші функциямыз – дипломатия қауіпсіздігін зерттеу институты. Осы институтта халықаралық қатынас пен халықаралық ынтымақтастықты зерттеу бойынша түрлі жоба бар. Дипломатия қауіпсіздігін зерттеу институтымыз 11 жыл бойы Оңтүстік Кореяда халықаралық қатынастар саласындағы дипломатия қауіпсіздігін зерттеу жағынан бірінші орын алып келеді.
Міне, академиямызда осындай негізгі екі функция бар. Бұл – біздің академиямыздың ерекшелігі. Себебі, көбіне, бұл екі функцияны екі ұйымға береді. Ал, біз екеуін қатар алып жүрміз.

- Оңтүстік Кореяның дипломаттарын оқыту үшін шетелдік мамандар шақырасыздар ма және мемлекетіңіз қай елдің саяси диломатиясын үлгі ретінде қарайды?

Академияның оқытушылар құрамында 27 профессор бар. Көбіне өз Корей профессорларымызды шақырамыз. Осы профессорлардан бөлек түрлі саладағы мамандарды, бұрын ұзақ уақыт бойы елші болған тұлғаларды шақырамыз. Ал шетелдік лекторларды тек 2-3 сағаттық дәріс оқуға шақыруымыз мүмкін. Әзірге барынша өз мамандарымызбен шектеліп келеміз.

Басқа елдің дипломатиясына келсек, біз бір елді үлгі тұтамыз деп айта алмаймыз. Дипломатия дегеннің өзі – елдер арасындағы ерекше жүйе. Мысалға, Қытай мен АҚШ арасында 1972 жылы саммит болды, соны зерттейміз, үйренеміз, қолданамыз.

Соғыс жайлы үлгі іздесек, АҚШ пен Вьетнам арасында өте ұзақ уақыт бойы соғыс болды. Соны қарастырамыз.

Қытай мен Оңтүстік Корея арасындағы қарым-қатынасқа келгенде Қытай мен Жапония арасындағы байланысты аламыз. Халықаралық қауымдастық тарихында болған елеулі оқиғаларды қарап, бізге айтарлықтай жақынын қолданамыз. Яғни, дипломатияда үлгіні жан-жақтан аламыз.

Оңтүстік Корея дипломаттарды қалай дайындайды


- Сіздің академияға түсу үшін қандай талап қойылады? Енді университет бітіргендер түсе алады ма, я болмаса бір-екі жыл сыртқы істер министрлігінде немесе халықаралық қатынас саласында еңбек өтілі болуы міндет пе?

- Біздің академиямызда профессорлардың ішінде біреуі ғана Сыртқы істер министрлігінде жұмыс істеген. Көп мамандарымыз университет бітірген, магистр, доктор Phd. Ал, академияға оқуға түсе алатындардың талабына тоқталсам, өте қиын емтихан тапсыру керек. Жыл сайын біз емтиханнан өткен 40-50 үміткерді таңдаймыз. Сосын бір жыл бойы оқудан кейін оларды дипломат ретінде іріктейміз. Менің көмекшім де (өзінің көмекшісін көрсетті – авт.) осы емтиханды тапсырды. Бір жыл оқиды. Енді менімен бірге жұмыс істеп жатыр.

- Дәл қазір Корея Республикасы қанша елмен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан?

Қазір әлемнің 190 елімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан. Аз көрсеткіш емес.
 Қызметтік борышын өтеу кезінде қаза болған дипломаттарға ескерткіш тақта. ©baq.kz

Қызметтік борышын өтеу кезінде қаза болған дипломаттарға ескерткіш тақта. ©baq.kz


- Оңтүстік және Солтүстік Кореяның бүгінгі саяси жағдайы туралы сарапшы ретінде не айта аласыз?

- Қатты әріден қозғамай, бер жағын айтсам, 2017 жылдан бастап қос Корея қатынасы тығырыққа тірелді. Себебі Солтүстік Корея бізге айып тақты. Олардың ішінде «Оңтүстік Корея ядролық бомба дайындап жатыр» деп мәлімдегені бар. Сол уақытта соғыс болып қалуы мүмкін деп сезіктендік. Бірақ 2018 жылы Пхенчханда өткен қысқы олимпиадалық ойындарға солтүстіккореялықтардың қатысуы сенсация болып, әрі қарай екі ел басшылары үш рет кездесті. Яғни қорқыныш сейіліп, керісінше Корей түбегінде ымыраға келу процесінің алға басқанын айтуға болады. Қазір осы үдеріс жалғасуда.

- Солтүстік Кореяны олимпиадаға сіздер шақырдыңыз ғой?

- Иә, біз 2017 жылдан бастап оларға шақыру жібердік. Жарысты ұйымдастырушы ретінде біздің ел барынша атсалысты. Олардың келіскеніне қуандық.

- Айтпақшы, мынаның мәнін аша аласыз ба? Оңтүстік Корея Солтүстік Кореямен қайта бір мемлекет болып қосылғысы келе ме, әлде ымыраға келіп, соғысты тоқтатқысы келе ме?

- Оңтүстік Корея, бірінші кезекте, Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасын жойғанын қалайды. Егер Корей түбегінде толық денуклеризация болса, онда екінші кезеңде солтүстік пен оңтүстік арасындағы әскери қысымды бәсеңдету керек. Қазір соғыс уақытша тоқтатылғанымен, айтарлықтай қауіпті, нақты нюанстар әлі бар. Содан кейін экономикалық, мәдени қарым-қатынасты реттеп, әрі қарай ортақ ынтымақтастықты қарастыруға болады.

Шетелдік дипломаттар немесе шетелдіктер нағыз корейаралық қатынасты ешқашан түсіне алмайтын жайттар бар. Екі Корея 70 жыл бұрын бір ел болды. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін біз уақытша бөліндік. Ол кезде корейаралық соғыс болып, екі халық ажырап қалды. Хат жібере алмаймыз, тілдесе алмаймыз, ешқандай байланысқа рұқсат берілмеді. Алдымен, біз жоғарыдағы жайттарды реттегеннен кейін ымыраға келе аламыз. Корей түбегіндегі ымыраға келу сонда орындалады. Тұрғындар да еркін өмір сүріп, байланыса алады. Міне, осы ымырадан кейін бірігу, бір Корея болу мәселесін қарастыруымызға болады. Екі жақ та қосылғысы келеді. Бірақ ол үшін еркін өмір сүрудің не екенін түсінуіміз, сезінуіміз керек.

- Сонда Сеул «Солтүстік Корея бір күні бомбалап тастауы мүмкін» деп қорқа ма? Ондай қауіп бар ма?

-  Иә, барлығы емес, бірақ Ким Чен Ын кез келген уақытта солай жасауы мүмкін деп қорқатындар бар. Бұған үкіметіміз дайын болу керек. Кез келген жағдайға дайынбыз. Ал, дәл қазір біз Солтүстік Корея жағынан байланысқа шығу, әңгімелесу және денуклеризацияны талқылауын әрі қарай жалғастырады деп ойлаймыз.

- Екі ел басшыларының төртінші саммиті қашан өтуі мүмкін?

- Біз төртінші саммит Трамп пен Ким Чен Ынның екінші саммитінен кейін болады деп ойладық. Бірақ жылдамдату мүмкін болмай қалды. Біз саммит өткізу үшін барынша тырысып жатырмыз. Енді Оңтүстік Корея АҚШ пен Солтүстік Кореяның үшінші саммитінің оң нәтижесін күтеді. Басында Ханой декларациясына қол қойылады деп үміттендік. Бірақ сәтсіз аяқталды. Енді оңтайлы уақыт күтіп отырмыз. Нақты қашан болатынын білмеймін.

- Солтүстік Корея ядролық бомбаға ақшаны қайдан алып жатыр?

- Мен дипломат ретінде ядролық қару технологиясын әзірлеуге қаржыны қайдан алғанын білмеймін. Бірақ олардың экономикалық ахуалы өте қиын жағдайда болды. Дегенмен олардың ядролық бомбаға ақшаны қайдан алғанын түсіне алмай қойдық, таңғалдық. Дәл осы салада тереңінен жұмыс істеп жүрген дипломаттар толығырақ жауап бере алар еді. Солтүстік Корея жөніндегі мамандар мен тарихшылар мұндай ядролық бағдарламаны әзірлеуге өте үлкен көлемде ақша керек дегенді айтты. Бірақ солтүстіккореялықтар осы салада өте білімді. Олардың білім жүйесінде ядролық қару дайындауға көбірек көңіл бөлінеді. Сондықтан олар аз қаржы жұмсап, мықты бомба жасап шығуы мүмкін.

- Егер қос Корея бірігіп жатса, Оңтүстік Кореяның экономикалық жағдайы Солтүстік Кореяның халқын қамтамасыз етуге қауһарлы ма?

- Солтүстік Корея – кішкентай ел емес. Біздің экономикалық өсіміміз де сәл бәсеңдеді. Дегенмен біздің екі елдің халқы алдында жауапкершілігіміз бар. Егер толық денуклеризация болса, әскери қысым бәсеңдесе, онда біз қару мен әскерге бөлетін қаржының есебін қысқартып, оны халықтың игілігіне жұмсар едік. Егер ДМЗ болмаса, онда екі жақ ынтымақтастық жасап, экономикалық тұрғыдан екі ел де айтарлықтай өсер еді. Егер бейбіт өмір сүріп жатсақ, онда пойыз магистралін ашар едік. Корей түбегінің басқа елдермен қарым-қатынасын арттыруға болады. Яғни, көпжақты бағытымыз ашылар еді. Қазір солтүстік пен оңтүстіктің экономикалық жағдайы жер мен көктей. Бірақ бәрібір біз ымыраға дайынбыз. Ымыра – халқымыздың тыныш өмір сүруі үшін өте қымбат.

- Сұхбатыңызға рақмет!

Бөлісу: