Бас жаңалықтар

Кашмир халқының құқығы шектеліп отыр – елші

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Біздің буын Пәкістанды шайы арқылы таныды. Бала күні аналарымыз "Пәкістанның шайынан" ішейік деп айтып отыратыны есімізде. Текстилін де жақсы көрдік. Бүгінде Пәкістан қазақстандық жастар үшін көп оқу грантын ұсынып отыр. Тіс дәрігері болғысы келетіндердің мүмкіндігі зор. 

Совет үкіметі мен Ауған соғысы кезінде 3,2 млн ауғанға пана болған Пәкістан жайлы көпшілік білгісі келетін сауалдар көп. Неліктен Пәкістан Арменияның тәуелсіздігін мойындамай келеді? Неге Үндістан мен Кашмир дауы ғасырларға созылды? Қазақстан мен Пәкістан арасындағы экономикалық қатынастың ахуалы қандай? Бұл сұрақтардың жауабын Пәкістанның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Imtiaz Ahmad Kazi мырзадан сұрадық.

WhatsApp Image 2020-01-24 at 15.01.33.jpeg

Өткенде үнді елшісі сұхбат берген болатын. Енді Пәкістанға тұғыр беріп отырмыз. Редакция еш тарапқа болыспайтынын және айтары бар тарапқа әрқашан тұғыр беретінін ескертеді.


Біздің баяғы совет жүйесіндегі және қазір Еуразиялық Экономикалық Одақтағы әріптесіміз Армения мен Пәкістанның қарым-қатынасы ойландырады. Баспасөзден анау-мынау деген көзқарасты ести береміз, рас-өтірігін ажыратудан қалдық. Пәкістанның Арменияға нақты претензиясын айтып беріңізші?

Ең алдымен өзіңіздің ақпарат агенттігіңіз арқылы қазақ халқымен тілдесуге мүмкіндік туғызғаныңыз үшін шексіз алғысымды білдіремін. Қазақ тілінде жазатын мемлекеттік агенттікке сұхбат беретініме қуаныштымын. Ең маңыздысы – Қазақстан мен Пәкістан мемлекеттерінің арасындағы қатынас қарқынды дамып келеді. Сондай-ақ, Пәкістан елшісі ретінде Қазақстанға тағайындалғаныма қуаныштымын. Сұрағыңызға келетін болсақ, бұл – саяси мәселе. Сізге жауабымды "Біз Арменияны мемлекет ретінде танымаймыз" деп қана айта аламын. Сіздерге бұдан басқа мәлімет бере алмаймын.

Жауабыңыз мен ойлағаннан да қысқа болды. Сіздің басқа берер жауабыңыз болмаса, келесі сұрағыма көшейін. Пәкістан қазақстандықтарға, әсіресе тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында – текстилімен жақсы таныс еді. Қазір қандай пәкістандық сауда маркалары бар? Еліңізде және әлемде атақты 5-6 пәкістандық сауда маркасын айтып беріңізші.

Иә, дұрыс айтасыз. Пәкістан әрдайым өзінің жақсы атымен танымал болған. Әсіресе, текстиль саласында. Текстиль Пәкістанның жалпы ішкі өнімінің 8,5%-ын құрайды. 45% жұмыс күшін қамтиды. Экспорттан түсетін қаражаттың жартысы текстильден келеді. Оның көлемі – 10 млрд доллар. Қазақстанның сауда-саттық саласында орны өте зор. Тіпті, мен 1999 жылы Алматы қаласында болған кезімде Пәкістаннан келген бес мыңға жуық кәсіпкерді кездестірдім. Өткен жылдың өзінде Алматыдағы "Барахолка" базарына барғанда оннан астам пәкістандық тауарларға толы дүкендерді көрдім. Олардың көбінде спорт бұйымдары сатылады. Ал "Барахолка" Орталық Азиядағы ең үлкен базарлардың бірі деуге болады. Бірақ сіз дұрыс айтасыз, біз сауда-саттық саласында қарым-қатынасымызды кеңейтуіміз керек. Бұл үшін мүмкіншіліктер көп. Сонымен қатар, өткен жылы елші болып келген кезімде Алматы қаласында "Атакент" және "Гранд" базарларында екі көрме ұйымдастырдық. Көрме қазан және желтоқсан айларында өтті. Желтоқсандағы көрме өте танымал деуге болады. Күріш, аяқ киім, орамалдар, косметика, текстиль және тағы басқа көп зат шығарылады. Бірақ бұл саланы одан әрі кеңейтіп, үлкейте түсуіміз керек. Брендтерге келетін болсақ, қазіргі күнде Пәкістанда халықаралық брендтер көп. Al Alkaram, Hadi, Bariz, Chenuan, Gulahmet, Junaijemshit, Nishat Lainyn брендтерін атап өтуге болады. Бұл брендтерді Еуропа, Солтүстік Америкаға экспорт жасаймыз. Айта кететін жайт, біз осы Орталық Азиядағы саудамызды дамытуымыз керек. Мен Исламабадтағы құзіретті органдарға Орта Азия елдерінде жылына екі рет көрме ұйымдастыру, әсіресе текстиль саласында ұйымдастыру туралы айтып, хат жолдадым.

Пәкістаннан Қазақстанға жеміс-жидектер, апельсин, мандариндер, спортқа қажетті киімдер әкелінеді. Және өткен жылдан бастап біз Қазақстанға манго экспорттай бастадық. Шымкент қаласы бізге транзит ретінде қызмет көрсетеді және сол қалада апельсин өнімдеріміз сатылады. Экспортымыз Қазақстанға Түрікменстан, Өзбекстан арқылы келеді. Айта кететін жайт, көрмелерімізді тек Алматы қаласында емес, Нұр-Сұлтан, Шымкент қаласында өткізуді ойластырып жатырмыз.

Қазақ-совет саяси әдебиетінде бізге Беназир Бхуттоны қаһарман ретінде көрсетті. Кейін, Тәуелсіздік алған соң, еркін ақпаратқа қол жеткізген кезде, баспасөз арқылы біз оның Пәкістанда соншама қолдауға ие емес екенін көрдік.

Жоқ, олай емес. Қателесесіз. Шындығына келетін болсақ, Беназир Бхутто – Пәкістан мемлекеттік саясатының "иконасы". Себебі ол мұсылман мемлекеттері ішіндегі ең бірінші әйел премьер-министр болды. Пәкістанда он жылдай болған демократиялық келеңсіздіктерден кейін 36 жасында, Совет үкіметі кезінде 1988 жылы бірінші рет премьер-министр болған. Сосын ол 1993 жылы екінші рет Пәкістан премьер-министрі болып сайланды. Пәкістанда үлкен құрметке ие, пәкістандықтардың жүрегінде орны ерекше. Өкінішке қарай, 2007 жылы террористердің қолынан қаза тапты. Бұл келеңсіз жағдай жалпы сайлаулар кезінде, өзінің үкіметін құрайын деп жатқанда болды. Бірақ ол құрған үкімет 2008 жылдан бастап 2013 жылға дейін 5 жыл бойы үкіметті басқарды. Беназир Бхутто бұрын өте танымал болған, қазір де солай. Харизмасы бар басшы еді. 1990 жылдар ішінде Қазақстанға келген. Сондай-ақ, ел игілігіне қосқан үлесі үшін Пәкістан халқы оны әркез биікте ұстайды. Өзінің саяси таңдауына қарамастан, оны қолдайды.

Израиль шекарасынан өткен адамның Пәкістанға кіре алмауы – Израильдің тап сондай саясатына жауап ретіндегі ереже ме? Әлде бұл да қауесет пе?

Пәкістан шекарасы.jpg

Бұл өте орынсыз сұрақ болды деп есептеймін. Себебі Пәкістан мемлекетінің визалық саясаты ешқашан да Израиль шекарасын кесіп өткен азаматқа Пәкістанға кіруге виза алуға шектеу қоймайды. Біздің визалық саясатымыз барлық мемлекетке ашық. Виза алу – өте оңай. Бірнеше ай бұрын визалық саясатымызға бірқатар өзгеріс енгіздік. Жүзден астам мемлекеттің азаматтары электрон визаны үйде отырып я болмаса Пәкістанға келгенде әуежайда визасын ала алады. Қазақстан Республикасы да осындай визалық режимге кірген. Қазақстан азаматтары да жұмыста отырып-ақ электрон виза рәсімдей алады. Сондықтан бізде ондай түсінбеушіліктер болмаған. Себебі визалық саясатымыз өте ашық. Және бір мемлекеттің шекарасынан өткен болса, Пәкістанға виза берілмейді деген ешқашан болмаған. Пәкістан азаматтардың қай мемлекеттің шекарасын кесіп өткеніне қарамастан, елімізге келген әрбір адамның қауіпсіздігін, тыныштығын қамтамасыз етеді. Сондықтан Израиль шекарасынан өткен азамат Пәкістанға кіре алмайды, виза ала алмайды деген сөз дұрыс емес. Пәкістан азаматтарына келетін болсақ, АҚШ, Еуропада өмір сүріп, екі азаматтық ала алады. Және осылай екі азаматтығы бар азаматтар Израиль шекарасынан өткен болса, Пәкістанға келуіне болады. Негізінде бұл мемлекет ислам дінін ұстанатындар үшін әлемдегі қасиетті үшінші орын деуге болады. БҰҰ резолюцисына байланысты Шығыс Иерусалим – Палестин мемлекетінің қазіргі астанасы. Пәкістан БҰҰ резолюциясының шешімін қолдайды. Палестин мен Израиль шекаралас мемлекеттер, олардың шекарасынан өткен екі азаматтығы бар тұлғалар Пәкістанға кіре алады. Мұндай шектеу жоқ және болмаған.

Пәкістанның аймақта орасан рөлі болғандықтан, геосаяси сұрақтарды айналып өтуі мүмкін емес. Әлемдік БАҚ-та қалыптасқан "Пәкістан Ауғанстандағы мазасыздыққа мүдделі" деген пікірге қарсы не айтсақ болады? Ауған мәселесін тарихи, әскери, геосаяси экскурссыз бір ауыз сөзбен түсіндіру мүмкін емес әрине. Сонда да Ауған мәселесіне Пәкістанның көзқарасын білейікші?

Пәкістан-Ауғанстан.jpg

Пәкістан және Ауғанстан мемлекеттерінің тарихы байланысты. Шекараласпыз. Дініміз, салт-дәстүріміз, мәдениетіміз ұқсас. Бізді көп нәрсе біріктіреді. Ауғанстан 1970 жылдары Совет үкіметі қарамағанда болған кезде де тыныштық және тұрақтылық болуы үшін Пәкістан қолдан келгенше көмектесті. Біз ауған бауырларымызды егемендік үшін барлық күресінде де қолдадық. Совет үкіметі құлағаннан кейін Горбачев мырза Ауғанстанда болған соғысты "қанды қырғын" деп атаған және ол кісі Совет үкіметінің қарамағанда болған мемлекеттерге егемендік берді. Сол кездегі мемлекеттер қазір ТМД құрамында. Ауған мен Совет үкіметі кезіндегі шайқасқа келетін болсақ, Совет үкіметі Пәкістанға кірмеуі үшін бұл соғысқа Пәкістан да қатысты. Біз сол кезде 3,2 миллионға жуық қашқынға пана болдық. Бірақ біздің қоғамдық режимімізге қиындық туды. Сонда да біз ауған қашқындарын өзіміздің бауырлас ел ретінде көрдік. Қазіргі кезде ресми түрде 1,6 млн ауған қашқындары Пәкістанда жүр. БҰҰ есепке алмаған қашқындарды қосқанда 3 млн-нан астам ауғанстандық Пәкістан аумағын паналап отыр. Олардың заңға сәйкес, БҰҰ шешіміне сәйкес еліне аман-есен қайтқанын қалаймыз. Бірақ біздің территориямызда болғандықтан, қолдан келгенше көмек көрсетіп жатырмыз. Ауғанстанда әртүрлі террористік қауым көбеюіне байланысты бірнеше жыл бұрын екі мемлекет қарым-қатынасына қаяу түсірген жайттар болды. Бірақ бауырлас, шекаралас ел болғандықтан тыныштық орнағанын қалаймыз. Ауғанстандықтардың өзіне тиісті, өзі басқарған үкімет болғанын қалаймыз. Сондықтан Пәкістан осы мәселені шешуге ықпал ететін тиісті тараптардың қатысуымен әрбір процестің, жиын-форумның болғанын қолдайды. Осыған сәйкес Пәкістан Исламабадта талибандар мен АҚШ өкілдері қатысқан форум ұйымдастырды. Дохада өткен форумға көмектесті. Сондай-ақ, өткен диалогтарда тараптардың өзара шешімге келуіне септігін тигізді. Себебі ешбір мемлекет тұрақсыз елмен шекаралас болуды қаламайды. Ауғанстанда тыныштық, тұрақтылық болса, дамыса, біз тек қуанамыз. Сол себептен біз осындай диалогтардың болуына үлесімізді қостық. Бізге пайдасы тисін деп емес, ауған халқы тыныш өмір сүрсін деп осындай қадамдарға бардық. Қанша жылдан бері жалғасып келе жатқан даудың тез шешілуіне үміттенеміз.

Ауғанстан мен Сирияға келетін болсақ, бұл мемлекеттерге қатысты орын алып жатқан жайттардың өз ерекшеліктері бар. Себебі Ауғанстан – мультиэтникалық елдімекен. Бұл жағдай 1970 жылдан бері жалғасып келеді. Тек екі елде болып жатқан оқиғалар бір-біріне ұқсамайды. Екі елде тыныштық орнатуға қатысты басқа елдерде өтіп жатқан форумдардың форматы ұқсас. Мысалға, Сирияда бейбітшілік орнату мақсатында Нұр-Сұлтанда өтетін Астана процесі. Қазақстан Сириядағы, біз Ауғанстандағы келеңсіздіктерді жоюды талқылау үшін жағдай жасадық. Ауғанстан мемлекетінің өзі де АҚШ тарапымен осы проблеманы шешуге тырысып жатыр. Біз барлық тараптың бір шешімге келуіне үміттенеміз. Бірақ Ауғанстанға қатысты форумдарда Астана процесіндегідей кепіл мемлекеттер жоқ. Қазақстанға алғысымыз зор. Себебі осы форумдар арқылы қаншама адамның өмірін сақтап қалды. Құранда "бір адамның өмірін сақтап қалу – дүниені сақтап қалумен тең" деп айтылған. Яғни, Сириядан тұтқындарды елге әкелу, қақтығыс аймағынан шығару – үлкен шаруа. Тек Ауғанстандағы жағдай шиеленісіп кеткен. Әр тарап өз мәселесін алға тартады. Себебі 1970 жылдан бері созылып келеді. Дегенмен соңғы кезде өткен жиындардан кейін жақсы нәтижелер көрдік. Тағы айта кетейін, осы даудың тез арада шешілетініне зор үмітіміз бар.

Жалпы, әлем БАҚ-тарында қалыптасып отырған Пәкістан туралы ақпараттық фон қаншалықты шындыққа жанасады? Шылқыған өтірік пе, әлде қандай да бір шындық бар ма? Процентпен шамалап айтып көрсеңіз.

Пәкістан туралы айтатын болсақ, энергияға толы, алға ұмтылушы, белсенді мемлекет және мұны Пәкістанды көрген адам ғана біледі, сезіне алады. Өз көзіңізбен көруіңіз үшін Пәкістанға баруларыңыз керек. Екі жыл бұрын сіздердің әріптестеріңіз, бірнеше профессор Исламабад, Карачи, Лахор, Пешевар қалаларында болды. Олар тағы да барғысы келетінін айтады. 2010 жылдары мен Малайзия мемлекетінде елші орынбасары болып жұмыс істеген кезімде Пәкістанда әр 2 жыл сайын өтетін EXPO-ға қызығушы кәсіпкерлерді іздедім және бір жылдан кейін малайзиялық 50-ден астам кәсіпкер Пәкістанға қызығушылығын білдірді. Ал бұқаралық ақпарат құралдарының өзінше қызығуы бар. БАҚ-қа хайп керек. Көбіне БАҚ-тың мақсаты – хайп арқылы өзіне оқырман жинау. Мен өзім журналистикадан сабақ алған кезімде "егер адамды ит тістесе жаңалық емес, егер адам итті тістесе – жаңалық" деп үйретті. Мысалы, Карачиді алатын болсақ, Карачи халқы Қазақстан халқынан 1,5 есе көп. Пәкістан мемлекетінің халқы – 207 млн адамға тең. Біздің мемлекетімізден оқымыстылар, мықты мамандар, кәсіби шеберлер шыққан, біз – дүниежүзі бойынша хоккей, крекет, америкалық сквош чемпиондарымыз. Егер БАҚ-та кішкентай ғана Карачиде келеңсіз жағдай болды деп халықаралық медиа көрсетсе, бүкіл Пәкістанда сондай деп ойлайсыз ба? Пәкістан өте қарқынды дамып келеді. Мысал ретінде, жақында шыққан көрсеткішті атап өткім келеді. Ай бұрын шыққан жаңалықтарға сүйене отырып айтайын. Дүниежүзілік банктің 2018 жылы бизнес жасау көрсеткіштері бойынша Пәкістан бір жыл ішінде 135-орыннан 108-орынға көтерілген. Бұл – жақсы көрсеткіш көрсеткен он елдің ішіндегі ең мықтысы, ең біріншісі. Яғни, өте жақсы өзгерістер болып жатыр. Бұрын Пәкістанға барған адамдар тағы қайта барғысы келеді. Тек БАҚ-қа сүйеніп емес, елімізде болған азаматтардан сұрап көріңіз. Иә, бізде проблемалар бар, жоқ емес. Мысалға, 2008-2013 жыл аралығында террористік келеңсіздіктер болды. "Әл каида", "ДАИШ" (Қазақстанда тыйым салынған – авт.) секілді ұйымдардың кесірі біздің мемлекетімізге де тиді. Еуропалықтардың, қазақстандықтардың осындай ұйымдарға кіргенін білеміз. Барлық мемлекетте болуы мүмкін. Пәкістанда 2013 жылдың желтоқсанында әскери мектепте террорлық акт салдарынан 140-қа жуық бала қаза тапты. Содан соң ұлттық бағдарлама қабылдап, оның ішіне үкімет, әскери құрылымдар, жай азаматтар да қосылды. Біз өз-өзімізге "терроризмді түбегейлі жоқ қылуымыз керек" деп айттық және "Зарбі асп" операциясын жасадық. Бұл соғыстың шығыны көп болды. 70 мыңға жуық адам мен 7 мыңға тарта әскер қайтыс болды. 2013 жылдың соңына қарай "Әл каида" Пәкістан территориясынан жойылды. Көптеген операциядан кейін терроршылардан құтылдық. Содан бері ешқандай террорлық акт болған жоқ.

Тыныштық пен қауіпсіздігімізді қайтардық. Сауда-саттығымыз, өнеркәсіп жұмыстарымыз қарқынды дамып келеді. Мысал үшін 2013 жылдан бері "Қытай-Пәкістан экономикалық дәлізі" жобасын қолға алдық. Жоба – "Бір жол, бір белдеу" бағдарламасының жалғасы. Бастапқы кезде жылына 10 мыңға тарта жүк тасымалданса, бүгінде жүк айналымы 140 мыңға жуықтады. Пәкістан Қытаймен астық өнім жобаларын қолға алды. Тағы 2030 жылға дейін Қытай мемлекеті тарапынан 69 млн АҚШ долларымен қаржыландырылған түрлі жобаны жасап жатырмыз. Мысалға бір жоба Пәкістандағы Гавадар портымен байланысты.

Ал туризмге келетін болсақ, жақсы дамып, соңғы бес жылда 317% өсті. Осы жылдың 9 қарашасында Картар порт шекарасын аштық. Дүниежүзіндегі Сикхи қауымдастығы өкілдеріне өздерінің қасиетті ғибадатханасына келіп, ғибадат жасауына жол ашты. Кеңірек айтсам, біз жай өз мүмкіншіліктерімізді көрсетіп келеміз. Сауда-саттық, туризм, виза саясаты салаларында әлемге танымал болып келеміз. Мемлекетіміз өте үлкен және жаңа Пәкістанды осы өзгерістер арқылы көруіңізге болады.

Пәкістан-Үндістан қарым-қатынастары соңғы кездері ушығып кетті. Қатардағы оқырман барлық тараптан қилы ақпарат алып, енді қайсысына сенерін-сенбесін де білмейді. Бізге Пәкістан-Үндістан қатынастарын түсіндіріп бере алмас па екенсіз?

Пәкістан-Үндістан.jpg

Пәкістан мен Үндістанға келетін болсақ... Жағдайдың барлығы Пәкістан егемендік алған жылы – 1947 жылдың тамыз айынан басталды. Себебі Үндістан ешқашан субконтиненттің екіге бөлінгенін қалаған жоқ. Сондықтан екі елдің арасында келіспеушіліктер туындады. Тарихқа көз жүгіртсек, одан он жыл бұрын – 1937 жылы сайлау болып, онда үнді қауымы жеңді. Себебі бұл аумақта үнділердің саны көп еді. Әртүрлі келеңсіз жағдайлар орын алды. Мысалға, жануарларды, әсіресе, сиырларды құрбандыққа шалуға тыйым салынды. Мешіттерде намаз оқып жатқан мұсылмандарға кедергі жасалды. Тіпті, мешітте намаз ақып жатқанда мұсылмандар үшін харам болып саналатын шошқаның басын адамдарға лақтырды. Мұсылман мектептерінде үнділер өз әнұрандарын балаларға жаттатқызды. 1937 жылы Британия колониясының қарамағында болатынбыз. Біз сол кезден-ақ екі ұлттың бір болмайтынын білдік. Себебі дініміз бөлек. 1940 жылы резолюция шыққан кезде, Пәкістан өзінің бөлек шығатынын айтып, егемендік үшін күресіп, 1947 жылы тәуелсіздігін алды. Сол кезде Махатма Ганди де, оның үкіметі де Үндістанның бөлек кеткенін қалаған жоқ. Бір жылдан кейін Махатма Гандиді қазіргі үкімет – АРСС деген партия өлтірді. 

WhatsApp Image 2020-01-24 at 16.09.03 (1).jpeg

Бұл партия 1925 жылы Гитлердің идеологиясын қолдайтын партия болып құрылды. Үнді ұлтын ұлықтайтын партия еді. Қосымша айтқым келеді. Олар "Мұсылмандар 5 ғасыр бойы неліктен үнділерді басқарған" деп қарсылық білдіретін. Моғолдар кезінде де үнділер қарсы болған. Үнділерге моғол династиясын мұсылмандар барқарғаны ұнамай, олар іштей ашынатын. Тарихтан білесіздер, сол кездері моғол династиясы мұсылмандардың ең ірі династиясы болған. Олар Үндістандағы Тәж-Махал және басқа танымал ескерткіштерді салып кеткен. Сондықтан үнділерде неліктен осындай үлкен династияны мұсылмандар басқарған деген қарсы пікір бар. АРСС партиясы үкімет басшылығына келмей тұрып, Захир-ад-дин Мухаммад Бабур салған Айодхьядағы мешітін бұзып тастады. Сол кезде Үндістандағы жоғары сот мұны заңсыз деп таныды. Дегенмен сол жылдың 9 қарашасында Пәкістан шекарасын ашып, Үндістан шихтарына Пәкістандағы храмдарына келуге мүмкіндік берді. Сол кезде мешіт туралы айтылғанда, мұсылмандарға сыйынатын басқа да мешіттер бер деген жауап қайтарылды. Бес ғасыр бұрын салынған Айодхьядағы мешіт үнділердің меншігіне айналды.

Кашмирге келетін болсақ, Пәкістан мен Үндістаннан тыс, Үндістан мен Пәкістан арасында 585-ке жуық штат болған. Кашмир де сондай ортақ штат болды. Британия колониясы құлаған кезде олар "Барлық Пәкістанға шекаралас мұсылман штаттар Пәкістанға, қалған Үндістанға жақын штаттар – үнділер Үндістанға қосылады" деген болатын. Сондықтан барлық штат Үндістан мен Пәкістан арасында бөлініп, Кашмир қалып қояды. Сол кезде премьер-министр Нару табиғаты керемет, жері шұрайлы Кашмирдің Пәкістанға қосылғанын қалаған жоқ. Себебі оның ата-бабалары осы Кашмирден шыққан. Ал Пәкістанның губернаторы – басшысы Мухамедәли Джиннах болған және ол "мұсылман еліне мұсылман басшы болу керек, халық менің губернатор болғанымды қалайды" деп өзі басшылық еткен. Кашмир тұрғындарының 50%-дан астамы мұсылмандар болған. Географиялық жағынан Пәкістанға жақын. Әдет-ғұрпы, мәдениеті, киімі, тілі пәкістандықтарға ұқсас. Кезінде осы штаттың раджасының (билеушісі – авт.) ата-бабалары Кашмирді британиялықтардан 7 млн рупиге ме, нақты санын білмеймін, бірақ қомақты ақшаға сатып алған. Бір күні раджа "мұсылмандар Пәкістанға қосылып кетуі мүмкін" деп Үндістан үкіметіне хат жолдап, әскери көмек сұраған. 1947 жылы Үндістан Кашмирге әскер жіберіп, жаулап алғысы келеді. 

WhatsApp Image 2020-01-24 at 16.09.03.jpeg

1948 жылы Үндістан БҰҰ-дан көмек сұрады. Халықаралық ұйым "кашмирліктер арасында референдум ұйымдастырып, дауысқа салайық" деді. Пәкістан да, Үндістан да бұл шешімге келісті. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі 11 резолюция шығарды. Қысқаша айтар болсам, Джамму мен Кашмир штатының келешек құрылымын немесе оның қай мемлекетке қосылатынын бір жақты анықтау, шешу жоғарыда айтып өткен принциптерге (БҰҰ резолюциясына – ред.) сәйкес болу керек. Үндістан резолюцияға келісім берді, Пәкістанға бірқатар хат жолдады. Халық арасында референдум өткізіп, Кашмир халқының шешімін қабылдаймыз деп телеграмма жіберген болатын. Бірақ уақыт өте келе өздері қабылдаған шешімдерден бас тарта бастады. Және олар "Сыртқы істер, Қорғаныс министрліктеріңізбен айналысамыз, ешқандай үнді келіп, Кашмирдің жеріне иелік ете алмайды, үнділер келіп жұмыс істей алмайды" деп 1960 жылдары басқа шарттарымен шықты. Осылайша Үндістан референдум жасауға рұқсат бермеді. Тек Джамму мен Кашмирге арнайы статус берді. Бірақ БҰҰ референдум болу керектігін айтып, әскери бақылаушылар тобын жіберді. Бақылаушыларды Үндістан ешқашан өз тарапына кіргізбеді. Ал осы жылдың 5 тамызында Үндістан Джамму мен Кашмирдің статусын жоққа шығарып, екі штат Үндістанның бір бөлігі деп жарияланып, әртүрлі шектеуді алып тастады. Енді үнділер жер алып, жұмыс істей алады. Джамму мен Кашмир Делидегі үкімет тарапынан басқарылатынын жариялады. Пәкістан бұл мәселенің БҰҰ резолюциясына сай шешілу керек деп есептейді. Осы жылдың ақпан айында Үндістан өз қарсылығын көрсетті. Кашмирлік жас жігіт Пульвама деген қалашықта өз-өзін бомбамен жарып жіберді. 

WhatsApp Image 2020-01-24 at 16.09.02.jpeg

Салдарынан Үндістанның 40-қа жуық әскері қаза тапты. Үндістан мен Пәкістанның аралығындағы бақылау сызығында Үндістан тарапынан қарудың ең соңғы үлгілерімен бақыланады, тіпті құс та "ұша алмайды". Қатаң бақылау қойылған. Жарылыстан кейін 5 минут өткен соң мұны Пәкістан жасады деп айыптады. Ертесі күні "Пәкістан тарапындағы бірнеше террористік ұйымдарды жойдық" деп жариялады. Пәкістан ұшқыштарды ұстап, тыныштықтың белгісі ретінде оларды дін-аман Үндістанға қайтарды. Екі елде де ядролық қару бар. Соғыс бастауға болады, бірақ біз соғыс болғанын қаламаймыз. Артындағы шығын көп болады. Премьер-министріміз "шекаралық мемлекеттер арасында тыныштық болғанын қалаймыз, егер осы дауды шешуге Үндістан бір қадам алға шықса, мен екі қадам алға басамын" деген хат жолдады. Бірақ ешқашан жылы жауап қайтарған емес, міне, ақпан айында да осындай агрессия көрсетті. Халықаралық адам құқықтары ұйымының шілдедегі есептеріне және БАҚ деректеріне қарасақ, Үндістан түрлі құрал дайындатып жатыр. Олар Кашмир аймағында адамның көзін соқыр қылатын құралды пайдаланып жүр. 8 миллионға жуық адам дүниежүзіндегі ең үлкен бақылау аумағында отыр деп айтсақ болады. Олар бұл аумаққа БҰҰ бақылаушыларын, журналистерді және басқа да мүдделі тұлғаларды кіргізбейді. Үндістан әскері 1989 жылдан бастап 100 мыңнан астам кашмирлікті өлтірді, 22 мыңға жуық әйел жесір болып, 108 мыңнан астам бала жетім қалды. 

WhatsApp Image 2020-01-24 at 16.09.04 (1).jpeg

Үнділер Кашмирде 12 мыңға жуық әйелді зорлады. Осы жылдың тамыз айынан бастап қаншама бала мектепке бара алмады. Тұрғындар байланыс құралдарын пайдалана алмайды. Оларға мешітке баруға тыйым салынды. Мұсылман мерекелерін тойлай алмайды. Ауруханаларда дәрі-дәрмек берілмейді, медициналық көмек көрсетілмейді. Жақында ғана кашмирлік жігітпен сөйлестім. Ол өзінің Кашмирдегі анасымен тілдесе алмай жатқанын айтты. Тамыз айынан бері жағдай ушығып кетті. Енді Кашмир халқының егемендігі, Үндістанның уәделері, БҰҰ резолюциялары қайда? Неге орындамайды? ШЫҰ, БҰҰ бас хатшысы Антонио Гуттерес те резолюцияға сейкес шешілу керек деді. АҚШ президенті де премьер-министрімізге көмектесетінін айтты. Егер референдум болса, Кашмирдің төрттен үш бөлігі Пәкістанға қосылғысы келетінін айтады. Үндістан осыдан қорқады. Ал Үндістан мәселеге үшінші тараптың қосылғанын қаламайды. Үндістан Кашмирдің статусын жоққа шығарғаннан кейін Пәкістан 10 күн өткен соң 16 тамызда бәрі резолюцияға сәйкес болу керек деді. Қатысушылар қолдады. Шындығында, Үндістан өз конституциясын бұзды. Заң бойынша статусты жоққа шығаратын болса, провинция басшыларымен кездесіп, келісімін алу керек еді. Олай болмады. 

WhatsApp Image 2020-01-24 at 16.09.04.jpeg

Кашмир мәселесі – адам құқықтарына байланысты мәселе. Пәкістан мәселенің заңды түрде шешілгенін қалайды. Біздің тарапымыздан жау ретінде қарау болған емес. Себебі біз – көршілес мемлекетпіз, дұшпан емеспіз. Егер достасып әрекет жасасақ, АСЕАN ұйымына ұқсап, керемет жетістіктерге жетуімізге болады. Мысалға, Үндістанмен SARK аталатын ұйымға мүшеміз. Бірақ Үндістан осы ұйымның кезекті отырысының Пәкістанда өтуіне жол бермей отыр. Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің де осы дауды шешуіне жол бермей отыр. Олар тек "бұл – ішкі дау" деп қайталайды. Бірақ бұл шындықты жасыра алмайды, 21 ғасыр. Неге Кашмир өзінің құқығынан шектелу керек. Өз мемлекетін таңдауға құқығы жоқ. Яғни, олар қай мемлекетте болғысы келетінін айта алатын құқығы жоқ. Кашмир халқының құқығы шектеліп отыр.

WhatsApp Image 2020-01-24 at 16.09.02 (1).jpeg

Бұған дейін Үндістан елшісінен сұхбат алып, Кашмир мәселесін сұрағанбыз.

Кашмирдің мәселесі тез шешіліп, бейбітшілік орнайды деген үміттеміз. Енді Қазақстан-Пәкістан қарым-қатынастары туралы айтып берсеңіз.

Пәкістан-Қазақстан.jpg

Пәкістан мен Қазақстан мемлекеттерінің қарым-қатынасы алыс тарихқа тақалады. Ғасырлар бойы достас мемлекет деп айтсам болады. Қаншама адам осы жерлерден Оңтүстік Азияға саяхат жасады, көшті. Мәселен, моғолдар Ферғана аумағынан сол жақтарға барып қоныс аударған. Сол кездерде моғолдар дүниежүзіндегі ең үлкен империяға болған. Сондай-ақ, қазақ халқымен дініміз бір. Әдет-ғұрпымыз ұқсас. Тіліміздегі сөздердің мағынасы да сәйкес келеді. Мен елші болып келгенде отбасылық дәстүріміз, көзқарасымыз ұқсас екеніне көз жеткіздім. Пәкістан Қазақстанның тәуелсіздігін мойындаған алғашқы елдердің бірі болып қана қоймай, 1992 жылдың ақпанынан бастап дипломатиялық қарым-қатынасын жолға қойды. Пәкістанның сыртқы істер министрі Орта Азия мемлекеттерінің барлығында болды. Бұл жаққа жақсы жобалар ұсынып, қарым-қатынасты нығайтуды мақсат етті. 1992 жылдан бастап Ташкент-Исламабад рейсі болған. Сол кезде Орта Азияның сыртқы істер министрлері Пәкістанға сапар шекті. Сонда Қазақстанның алғашқы сыртқы істер министрі де келген болатын. Мен ол кезде экономикалық байланыстар департаментінде референт қызметін атқардым. Пәкістанның барлық президенті және премьер-министрі Қазақстанда болған. Ынтымақтастығымыз жақсы дамып келеді. Екі ел де Ислам ынтымақтастық ұйымында, ШЫҰ, Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары ұйымдарына мүше. БҰҰ Нью-Йорк пен Женевадағы миссияларда қарым-қатынастары мықты. Екі мемлекет бір-бірінің халықаралық дәрежелерін қолдайды. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде де қолдап келеміз. Ислам өнеркәсіптік қауіпсіздік ұйымына Қазақстанның мүше болуын қолдадық және келесі жылы осы ұйымның саммиті Қазақстанда өтеді.

Айта кететін жайт, екі ел арасындағы сауда-саттықта атқару керек істер көп. Себебі біз байланыса алатын сала көп. Бизнес қатынасы жылына 65-70 млн долларды құрап отыр. Бірнеше жыл бұрын бұл көрсеткіш аз болды, 2017 жылы өткен ЭКСПО көрмесінен кейін екі есе ұлғайды. Бірақ бізге жылына 1 млрд долларға дейін ұлғайтуға мүмкіндік бар. Егер Ауғанстандағы мәселе шешілсе, онда Гавадар порты арқылы екі жақты тауар айналымына қолайлы болар еді.

Өткен жылы мен сенім грамоталарын президентке табыстаған кезімде Елбасы Гавадар портының өте ықпалды порт екенін атап өтті. Қазақстанның теңізге шығу жолы жоқ, осы порт арқылы Таяу Шығыс пен Еуропа мемлекеттеріне тауар апару, сауда-саттық жасау мүмкіндігін де айтты. Гавадар порты 3-4 жыл ашылды. Жұмысын бастаған кезде портта болдым. Егер Ауғанстандағы мәселелер шешілсе, бұл порт Орта Азиядағы мемлекеттердің теңізге шығуына мүмкіндік береді.

Екі мемлекеттің үкіметаралық отырысы 1992 жылдан бері әр екі жыл сайын өтіп келеді. Келесі жылы үкіметаралық отырысты Исламабадта өткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, виза мәселесі бар. Пәкістан визалық саясатын жеңілдетті. Қазақстан да өзгертіп жатыр. Қазақстанға визасыз режиммен кіре алатын елдер көп. Пәкістан да сол тізімге кіргісі келеді. Себебі Қазақстанның туристік потенциал жоғары, табиғаты әдемі, осындай сұлу жерді пәкістандықтар келіп көрсе деген ниетіміз бар. Тағы инвестиция мәселесін айтқым келеді. Біздің мемлекетіміз тарапынан инвестициялық ұсыныстар бар. Сол себепті визалық жеңілдік болғанын қалаймыз. Егер осы мәселелер шешілсе, әуекомпаниялардың рейсі де өзгереді. Қазақстаннан Пәкістанға Абу-Даби және Ташкент қалалары арқылы ұшамыз. 2000 жылдары Лахордан Алматыға дейін 3 сағатта ұшып келетінбіз. Бірақ бұл компания, неліктен екенін білмеймін, рейстерін тоқтатты. Бірақ келесі жылы басқа рейс ашылуы мүмкін.

Экспортқа келетін болсақ, Қазақстанға жеміс-жидектер, спорт тауарлары, операциялық құрылғылар әкелінеді. Қорғаныс саласында екі ел арасында тренингтер өткіземіз. Банк жүйесі, ІТ саласында қазақстандық студенттер үшін гранттар ұсындық. Бірақ соңғы бес жылда грантқа қызығушылардың аз болғанына таңғалдық. Неліктен екенін білмейміз. Сондай-ақ, тіс дәрігерлері үшін гранттар ұсынамыз. Пәкістан Қазақстанның Сирияға байланысты "Астана процесін" де қолдайды. Пәкістан мен Үндістан арасындағы мәселені реттеу үшін "Астана процесі" секілді отырыстар өткізуге болатынын өзіміздің Сыртқы істер министрлігіндегі әріптестеріме айтып жүрмін.

Елші мырза, уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін алғыс білдіреміз.
© baq.kz, 2020. Автор: Рахиля Бекназарқызы
Материалды ешқандай формада көшіруге болмайды. Автор және меншік иесі тарапынан болатын претензияларда -  көшірме зардабынан жоғалған қаржылай шығындар қосымша көрсетіледі.