Арқалық қаласының прокуратурасы Н. Құлжанова атындағы Торғай гуманитарлық колледжі мен Арқалық политехникалық колледжінің қызметіне тексеру жүргізді. Нәтижесінде мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалану фактілері анықталған.
Прокуратура мәліметінше, жекелеген студенттер мемлекеттік грант негізінде күндізгі оқу нысанында білім ала отырып, елдің басқа өңірлерінде бір мезгілде еңбек қызметін жүзеге асырған.
Бұл жағдай мемлекеттік білім беру тапсырысын қаржыландыру шарттарының бұзылуына әкелген.
Тексеру нәтижелері бойынша мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалану фактілері анықталды, – делінген Қостанай облысы прокуратурасының хабарламасында.
Қабылданған прокурорлық ден қою шараларының нәтижесінде мемлекеттік бюджетке 3 млн теңге қайтарылды. Сонымен қатар 5 кінәлі лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Прокуратура бюджет қаражатын мақсатты әрі тиімді жұмсауды қамтамасыз ету, сондай-ақ мемлекеттік қаржыландыруды білім алушылардың нақты контингентіне қарай жүзеге асыру бағытындағы жұмыс жалғасатынын хабарлады.
Тағы оқи отырыңыз: