Арқалықта айтыс өтті дүркіреп

15 Қазан 2022, 12:59
3515
Бөлісу:
Арқалықта айтыс өтті дүркіреп
PHOTO
Фото: автордан

Арқалық қаласында ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған «Дәуірдің жарық жұлдызы» атты аймақтық ақындар айтысы өтті деп хабарлайды Қостанайоблысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Арқалықта өткен асқақ рухты сөз барымтасына еліміздің түкпір-түкпірінен облыстық, республикалық ақындар айтысына өз бақтары мен баптарын сынап жүрген талантты 18 ақын қатысты. Алыптардың мекені Арқалық қаласында өткен айтыстың алғы сөзі қала әкімі Әмірхан Асановтың құттықтау сөзімен басталды. 

Арқалықта айтыс өтті дүркіреп

Осы орайда, ат төбеліндей Арқалықта аламан ақындар айтысының өтуіне мұрындық болған шаһар басшысы Әмірхан Біркенұлы екенін айта кеткен жөн.

Айтыс халықтың төл өнері. Осынау ұлы өнерде ұрпаққа берілетін сарқылмас тәрбие мен тәлім жатыр. Оның үстіне киелі Арқалық өңірінде осындай өнерді дәріптемесек бізге сын. Биылғы ақындар айтысының  тақырыбы да ауқымды. Ол ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналып отыр. Аламанға қатысқалы отырған ақындарға сәттілік тілеймін,- деді өз құттықтауында Арқалық қаласының әкімі Әмірхан Асанов.

Арақылыққа жиналған жыр саңлақтарының өнеріне Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздігі, облыстық меценаттар клубы «Қазына» сыйлығының иегері, Айтыстың ақтаңгері Айбек Қалиев, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Қостанай облысы меценаттар клубының «Қазына» сыйлығының иегері, Арқалық қаласының құрметті азаматы Боранбай Әбенов, белді ақын, облыстық «Қостанай таңы» газетінің меншікті тілшісі Мұрат Жүнісұлы, айтыскер ақын Бағила Балмашева, қазақ тілі қоғамының мүшесі кәсіби журналист Дархан Ермағанбетов секілді ел ағалары  қазылық жасап өнерін бағалады. 

Арқалықта айтыс өтті дүркіреп

Көмейлерінен көмкерілген көркем жырды домбыраның шанағына сыйғызып жүрген 18 ақын 9 жұпқа бөлініп, Арқалықты жырға бөледі. Алман айтысты тамашалауға келген көрермендердің де қатары қалың болды.

Әділ қазылар алқасына да әр жұп сайын баға беру оңайға түскен жоқ. Дегенмен ақындар өзгелердің сезбегін сезеді, көрмегенін көреді, ойламағанын болжайды, тілі жетпегенін халықтың атынан жеткізеді. Бес сағаттан астам уақытқа созылған аламан айтыстың қорытындысы бойынша Бас жүлде 300 мың теңгелік ақшалай сыйлық Арқалық қаласынан шыққан Батырлан Сағынтаевқа бұйырды. Ал бірінші орынды Астана қаласынан келген Ақбота Манарбекова 200 мың теңгеге ие болды. Екінші орын 150 мың теңгені Астана қаласынан Тоба Өтепбаев пен Арқалық қаласының намысын қорғаған Айбар Рағатов еншіледі. Үшінші орын 100 мың теңгемен Амангелді ауданының дарынды ақыны Еламан Тұрсын пен Астана қаласынан сынға түскен Мұхтар Қонарбаев марапатталды. 

Арқалықта айтыс өтті дүркіреп

Сонымен қатар, осы айтыстың ең кішкентай ақыны Арқалық қаласының атынан шыққан Рағат Нурисламға «Ахмет Байтұрсынұлы атындағы арнайы жүлде» 50 мың теңге сыйақы бұйырды. Қалған барлық ақындарға 35 мың теңге сыйықы тапсырылды.

Арқалықта айтыс өтті дүркіреп

Ақындарымызға туған еліміздің биікке ұшар сұңқары, бәйгенің алдын бермес тұлпары болыңдар деген тілекпен белгілі оюшы, қолөнер шебері, өлкетанушы Шөптібай Байдилдиннің «Тарихымызды түгендейік» атты кітабы барлық ақындарға табыс етілді.
Тағы бір ерекше тоқтала кетер жайт Арқалықта осындай ақындар айтысын өткізу дәстүрге айналған. Ал бұл жолғы  айтыстың мәні мен маңызы тіптен зор. Айтыстың өркендеуіне қала әкімі Әмірхан Біркенұлының сіңіріп жатқан еңбегі ерен, - дейді Арқалық қалалық мәдениет сарайының көркемдік жетекшісі Миргүл Мұсабекова.

Өзгелердің жаңалығы