Архив ісі мәселелеріне қатысты кеңес өтті

3 Шілде 2021, 22:16
1890
Бөлісу:
Архив ісі мәселелеріне қатысты кеңес өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Қазақстан Республикасының Ұлттық архивінде Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен «Архив ісінің өзекті мәселелері және даму жоспарлары» атты республикалық кеңес өтті.

Кеңесте отандық архив саласының қазіргі жай-күйі, архив ісі және құжаттама саласындағы нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру, архив ісінде заманауи ақпараттық технологияларды қолдану, мемлекеттік архивтердің материалдық-техникалық жабдықталуы, «Архив – 2025» кешенді жоспарының іске асырылуы, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның архивтермен жұмыс жүргізудің жай-күйі және басқа да өзекті мәселелер талқыланды.

Архив ісінің өзекті мәселелері мен даму жоспарлары туралы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Парламент Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым, қоғам қайраткері С.Қасымов, Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің төрағасы Қуат Бораш сөз сөйледі.

Бүгінгі таңда архив саласына Мемлекет басшысы, Үкімет және министрлік тарапынан айрықша көңіл бөлінуде. Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасына сәйкес архив саласындағы мемлекеттік саясатты үйлестіруге уәкілетті ведомство ретінде Мәдениет және спорт министрлігінің Архив істері және құжаттаманы басқару комитеті құрылды. Сондай-ақ, Үкімет қаулысымен 22 желтоқсан «Архивистер күні» болып белгіленді. Сала тарихында алғаш рет «Архив саласының үздігі» төсбелгісі тағайындалды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша былтыр 1 қаңтардан бастап республикалық мәдениет және архив ұйымы қызметкерлеріне 50% көлемінде, ал коммуналдық (өңірлік) ұйымдардың қызметкерлеріне лауазымдық айлықақысының 35% мөлшерінде қосымша ақы белгілеу арқылы жалақы көлемі арттырылды. Архивистердің жалақысын көтеруге байланысты жұмыс одан әрі жалғасып жатыр. Таяуда өткен Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі отырысының қорытындысы бойынша архив қызметкерлерінің зиянды (ерекше зиянды) және қауіпті (ерекше қауіпті) еңбегі үшін қосымша ақы төлеуді қарастыру мақсатында Еңбек кодексіне сәйкес тиісті тізбеге мемлекеттік архив мекемелері қызметкерлерінің лауазымдарын енгізу бойынша нақты шешімдер қабылданып жатыр - деді Қуат Бораш.

Кеңес аясында құжаттық көрме ұйымдастырылып, алғаш рет архив ісіне үлес қосқан сала ардагерлері «Архив саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

Өзгелердің жаңалығы