Археологтар көне дәуір бұйымдарынан қазақ, түркі мәдениетіне тән ұқсастықтарды іздеуі керек – археолог

12 Сәуір 2022, 16:21
2826
Бөлісу:
Археологтар көне дәуір бұйымдарынан қазақ, түркі мәдениетіне тән ұқсастықтарды іздеуі керек – археолог
PHOTO
Фото: автордан

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматыда өтіп жатқан «Марғұлан оқулары – 2022» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің профессоры Әбдеш Төлеубаев Елекеден табылған алтын сәйгүліктің әшекей бұйымдары жайлы айтып берді.

Оның айтуынша, Елекеден табылған әшекей бұйымдар сақтарда адамды жылқымен бірге жерлеу ғұрпы өте кең таралған кезеңге жатады. Бұл сақтарда көшпенді тұрмыстың дамыған, жылқы шаруашылығыың артқан кезеңі.

Сақ дәуірінде этникалық мәдениет дами түсті әрі оның ерекшеліктері қалыптаса бастады. Мәдениеттің этникалық ерекшеліктері Қола дәуіріннен бастау алады. Қола дәуіріндегі керамикадан жасалған заттарды кейінгі қазақ бұйымдарымен салыстырған алғашқы зерттеушінің бірі Әлкей Марғұлан. Қазақ археологтары темір, қола дәуіріндегі бұйымдардан қазақ, түркі мәдениеттің ұшқындары мен ұқсастықтарын әрдайым іздей білуі керек,-дейді ғалым.

Археологтар көне дәуір бұйымдарынан қазақ, түркі мәдениетіне тән ұқсастықтарды іздеуі керек – археолог

Шығыс Қазақстандағы Елеке сазында бірнеше қорғанға қазба жұмыстары жүргізілген. Соның бірінен Алтын адам табылған. Сондай-ақ тағы бір қорымнан алтыннан жасалған ат әбзелдері табылыпты.

Бұл қорымның диаметрі – 89 метр, биіктігі 5,5 метр болды. Бұл қорған 1960 жылға дейін техникамен қиратылған әрі тоналған болып шықты. Ортаңғы бөлігінен керамикалық заттар мен адам сүйегінің бөліктері табылды. Осы ортаңғы бөлігін Т белгісіндегі траншеямен қазып отырдық. Алайда бұл жер толық тоналғанына көзіміз жетті. Кейін осы қорғанның айналасынан мәдени артефактілер табылып қалар деген оймен қаздық. Сол жерден алтын әшекейлер салынған артефакт табылды. Бұл қайтыс болған патшаға өзге тайпалардың тартуы болуы мүмкін, – дейді археолог Әбдеш Төлеубаев.

Сонымен қатар ол алтын әшекейлерде жануарлар мен аң, құстар бейнеленгенін жеткізді. Оның көпшілігі ат әбзелдері көрінеді, яғни жүген, ертоқымды безендірген әшекейлер.

Бастапқыда біз бұларды киім әшекейлері деп ойладық. Зерттеу кезінде олардың артындағы ілгіштерде былғарының, терінің қалдықтары болды. Бұл әшекейлерді жүген, өзге де ат әбзелдерінен жұлып әкелгендері көрініп тұр. Мына әшекейлердің жасалу технологиясы мен сюжеттері Зейнолла Самашев тапқан өзге қорымдардағы бұйымдарға өте ұқсас, – дейді ол.

Оның айтуынша, Елеке қорымынан сегіз жүзден астам алтын әшекей табылған.

Бұл алтын әшекейлер жерленген адам үшін арнайы жасалмаған. Олар бұрыннан қолданыста болған, яғни адам өмірде пайдаланғаны көрініп тұр, – дейді профессор.  
 

Өзгелердің жаңалығы