Қарағандыда қазақтың үш биіне ескерткіш ашылды

22 Мамыр 2020, 17:16
2164
Бөлісу:
Қарағандыда қазақтың үш биіне ескерткіш ашылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағандыда қазақтың әйгілі үш биіне - Әйтеке би, Қазыбек би және Төле биге ескерткіш ашылды. Бұл туралы Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бұл облыстағы алғашқы мүсіндік композиция. Ол облыстық сот ғимаратының алдында орнатылған және даналық пен әділеттіліктің нышаны болып табылады.
- Ұлы даланың аты аңызға айналған үш биіне ескерткіштің ашылуы - маңызды оқиға. Әйтеке би, Қазыбек би және Төле бидің есімдерімен қазақ мемлекеттілігі мен қазақ сот төрелігінің негізі қалануы тығыз байланысты. Өмірлік тәжірибесі мен мінсіз беделінің арқасында олардың шешімдері әділ болған және күмән тудырмаған. Бұл ескерткіш сот төрелігінің нышаны ретінде Қазақстан халқы алдындағы судьялардың жауапкершілігін еске салып отырады, - деді Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек мүсін композициясының ашылуында.
- Үш ұлы би тарихымызға қоғам және саяси қайраткерлер ретінде енген. Олар тек бітімгер судьялар ғана емес, хандардың кеңесшілері де болды. Билердің кеңесін басқарды. Олар бай өмірлік тәжірибесі бар, қазақ халқының тарихын, дәстүрін білетін дана адамдар болды. Әйгілі билеріміздің негізгі міндеті қоғамдағы тұрақтылықты сақтау болып табылды. Олар риторика, наным шеберлігіне ие болған. Біз осы күнге дейін олардың нақыл сөздеріне, өсиеттеріне сүйенеміз, - дейді ескерткіш орнатудың бастамашысы, Қарағанды облыстық сотының төрағасы Нұрсерік Шәріпов.
Оның айтуынша, "Үш би" ескерткіші сот сарайының архитектуралық ансамблімен біріктіріліп жоспарланған. Облыстық соттың жаңа ғимараты өткен жылдың қараша айында ашылды. Мүсінді осы жылдың басында жасай бастады, орнатуға төрт айға жуық уақыт кетті.
- Біз қазіргі күні көпшілікке танымал үш бидің бейнесін қайталамауға тырыстық. Динамиканы көрсеткіміз келді. Бұл ғасырлар бойы келе жатқан дәстүрлерге қарап, ұрпақтар көзқарастарын қалыптастыру үшін жасалып отырған дүние, - деп атап өтті Нұрсерік Шәріпов.

Ескерткіш Алматыда жасалған. Авторы - халық шебері Жеңіс Еркінұлы.

Мүсіндік композицияның ашылуына ардагер-судьялар қатысты. Гүл шоқтарын қою рәсімінен кейін қонақтар облыстық соттың жаңа ғимаратын қарап шықты.

Аймақ басшысы сондай-ақ азаматтардың сот жүйесіне деген сенімін арттырудың маңыздылығын атап өтті. Сот жұмысы сандық технологияларды енгізу арқылы ашық болады. Карантин кезеңінде соңғы айларда соттар онлайн режимінде жұмыс істейді, сот талап-арыздары мен басқа да құжаттар электронды түрде қабылданады. 


Өзгелердің жаңалығы