Қарағандылықтар медициналық сақтандыру қорына 1,5 млрд теңге аударды

9 Маусым 2020, 06:41
956
Бөлісу:
Қарағандылықтар медициналық сақтандыру қорына 1,5 млрд теңге аударды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қарағанды облысы тұрғындарының медициналық сақтандыру қорының жарналары мен аударымдары 2020 жылдың мамыр айында 1,6 миллиард теңгені құрады. 

Бұл туралы облыс әкімдігінің ресми сайтында хабарланды.

Медициналық сақтандыру қорына түскен қаражаттың 1 миллиард теңгесін облыстың қалалары мен аудандарынан жұмыс берушілер өз қызметкерлері үшін аударды. Қалған сома – өзі және азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша жұмыс істейтін тұлғалары үшін жеке кәсіпкерлер аударған жарналар.

Естеріңізге сала кетейік, шағын және орта бизнестің бір бөлігі медициналық сақтандыру қорына аударымдардан 2020 жылдың 1 қазанына дейін босатылған болатын. Олардың қатарына сауда, көлік және техникалық қызмет көрсету, білім беру, медицина, туризм, мейрамхана-қонақ үй ісі, ойын-сауық саласы, бағдарламалық қамтамасыз ету, фитнес субъектілері жатады.

2020 жылдың 1 шілдесіне дейін барлық қазақстандықтар шартты түрде сақтандырылған деп есептеледі және медициналық көмекті толық көлемде ала алады. Жеңілдікті кезең аяқталғаннан кейін медициналық қызметтерді алу медициналық сақтандыру жүйесіндегі азаматтың мәртебесіне байланысты болады. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі барлығына қолжетімді. Бұған қоса, сақтандырылған адамдарға қымбат зерттеулер мен жоғары технологиялық оталарды қамтитын пакет қолжетімді, – деп атап өтті медициналық сақтандыру қорының Қарағанды филиалының директоры Фазыл Копобаев.

Өзгелердің жаңалығы