Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биылғы жылы Қарағанды облысында гранттар, субсидиялар және несиелер бойынша кепілдендіру түрінде 184 жоба қолдау тапты. Өңір кәсіпкерлеріне "Бизнестің жол картасы - 2020" бағдарламасы аясында көмек көрсетіледі.
Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен аппараттық жиналыста кәсіпкерлік басқармасының басшысы Татьяна Аблаева мәлімдеді.Өткен жылмен салыстырғанда қолдауға ие болған жобалардың саны 78%-ға артты. 2019 жылы осы мақсаттар үшін республикалық бюджеттен барлығы 1,7 млрдтеңге бөлінді. Негізінен өңірде өңдеуші өнеркәсіп пен көлік саласындағы жобаларға қолдау көрсетіледі. Сондай-ақ Қызмет көрсету, туризм, денсаулық сақтау, білім беру және басқа да салаларда бизнес жүргізетін адамдарға көмек көрсетеді.
Мысалы, біздің қарағандылық кәсіпорындар - шұлық-ұйық өнімдерін өндіретін "Тэгам" ЖШС, жиһаз өндіру бойынша "№1 эксперименталдық зауыт", ұн-жарма өнімдерін өндіру бойынша "Ақжайық" ЖШС және т.б. қолдау алды. Көлік және қоймалау саласында – "№2 Қарағанды автобус паркі" және "Альфарух Логистик" қолдау көрді. Денсаулық сақтау саласында кәсіпкерлердің белсенділігі жалғасуда – бұл "Көз микрохирургиясы орталығы" және "№1 балалар емханасы", сондай-ақ Мектепке дейінгі білім беру саласында да қолдау көрсетілуде. Бұл халықтың тұтынушылық сұранысын қанағаттандыруға бағытталған жобалар, - деді Татьяна Аблаева."Бизнестің жол картасы - 2020" бағдарламасы аясында қолдаудың бірнеше түрін алуға болады. Олардың бірі - несие бойынша ішінара кепілдік беру. Ол кепіл мүлкі жеткіліксіз кәсіпкерлерге ыңғайлы. Бұл жағдайда "Даму" қоры жұмыс істеп тұрған бизнес үшін несиенің 50%-ы, сондай-ақ егер бұл стартап болса 85%-ы мөлшерінде кепілдік береді. Өткен жылмен салыстырғанда кепілдік саны 3,4 есеге өсті.
Бағдарлама аясында 3 миллион теңгеге дейін субсидия немесе грант алуға болады. Биылғы жылы гранттық қаржыландыру құралын іске асыруға 55 млн теңге қарастырылған. 10 ай ішінде кәсіпкерлер грантқа 219 өтінім берді.
Сонымен қатар, Бағдарлама аясында қаржылай емес көмек алуға болады - оқудан өту, кеңес алу мүмкіндіктері қарастырылған. Осы арқылы 2019 жылы 747 кәсіпкер 4,2 млрд теңге сомаға өздерінің бизнес-идеялары мен жобаларын жүзеге асырды. Ағымдағы жылы "Бизнестің жол картасы 2020" бағдарламасы аясында 497 жаңа жұмыс орны ашылды.
Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, жақсы көрсеткіштерге қарамастан, кейбір аудандарда бағдарлама өте нашар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Ол "артта қалған" қалалар мен аудандардың әкімдеріне түсіндіру жұмыстарын күшейтуді, бағдарламаның қалай жұмыс істейтіні және пайдалы екендігі туралы көбірек және егжей-тегжейлі баяндауды тапсырды.